
2026 жылғы 27 наурыздан бастап Шымкент мұнай өңдеу зауытында жоспарлы алдын алу жұмыстары (ЖАЖ) басталды.
ҚМГ хабарлағандай, бұл іс-шаралар жабдықтың сенімділігін, технологиялық процестердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және жалпы өндірістік тиімділікті арттыру мақсатында жүргізіледі.
Жоспарлы алдын алу жұмыстары аясында 573 бірліктен астам қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарға, сондай-ақ 170 бірліктен аса технологиялық құбырларға міндетті техникалық куәландыру және сараптама жасау көзделген.
ЖАЖ барысында еңбекті қорғауға, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Жөндеу жұмыстарына барлығы 2035-тен астам адам және 222 арнайы техника жұмылдырылады.
Ең ірі жұмыстардың қатарында — ЭЛТҚ-АТ қондырғысының П-101/1-1,2 пешінің радиантты камерасының құбырларын ауыстыру, ЭЛТҚ-АТ қондырғысының П-101/1-1,2 пеші күмбезшесінің қаптамасын күрделі жөндеу, дизель отынын гидротазалау қондырғысы пешінің конвекциялық камерасын, құбырларын және пештің радиантты камерасының бұрмасын ауыстыра отырып, П-301/1,2 пешін күрделі жөндеу, каталитикалық крекинг қондырғысының СК-1001 ауа үрлегішінің агрегатын күрделі жөндеу, каталитикалық крекинг қондырғысының Т-1002, Т-1003 катализаторының тоңазытқышын ауыстыру.
ҚМГ жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығында тұрақтылықты сақтау мақсатында ЖАЖ кезінде мұнай өнімдері алдын ала жасақталған қор есебінен жөнелтілетінін атап өтті. Қазіргі таңда зауыттың резервуарлық паркінде жиналған қор көлемі:
- автобензин — 29 450 тонна,
- дизель отыны — 22 900 тонна,
- авиакеросин — 10 530 тонна.
Бұдан бөлек тағы екі мұнай өңдеу зауыты — Павлодар МХЗ мен Атырау МӨЗ мұнай өнімдерінің өндірісін штаттық режимде жалғастырады.
ҚМГ мәліметі бойынша, қазір мұнай өнімдерінің ішкі нарығында жағдай тұрақты: АИ-92 маркалы бензин қоры 38 күндік тұтыну мөлшерін, ал дизель отыны қоры 49 күндік тұтыну мөлшерін құрайды.
Биылғы 20 сәуірден бастап технологиялық қондырғылар кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Айта кетсек, ПҚОП-та бұған дейінгі жоспарлы алдын алу жұмыстары 2024 жылдың көктемінде жүргізілген болатын. Қазіргі ЖАЖ кәсіпорын үшін маңызды кезең болмақ. Ол аяқталғаннан кейін зауыт кеңейтілген жөндеуаралық кезеңіне өтеді. Яғни кәсіпорында келесі ауқымды жұмыстар тек 2030 жылы жүргізіледі. 2028 жылы жекелеген қондырғылардың қысқа мерзімді ағымдағы жөндеуі көзделген.
Жалпы, бұл Шымкент МӨЗ-не ішкі нарықты мұнай өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ете отырып, ұзақ уақытқа тоқтамай-ақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
В Атырау -10