Атырау, 31 қазан 12:55
 бұлттыВ Атырау +10
$ 488.45
€ 529.19
₽ 5.04

«Волейбол ісі»: 16 қазанда үкім шығарылады

3 695 просмотра

«Атырау» волейбол командасының бұрынғы басшылығы мен бухгалтеріне қатысты сот процесінің аяқталуы жақын. Мемлекеттік айыптаушы ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында 253 миллион теңгеден астам қаржыны иемденген «Атырау» облыстық волейбол командасы» МҚКК директоры Жеңісбек МҰХАНБЕТЖАНОВ, бас бапкер Александр ЗАПЕВАЛОВ пен бухгалтер Светлана ХАРКИНА үшін 9 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.  

Оларға аса ірі мөлшерде ұрлық, қызметтік жалғандық жасады, ұйымдасқан қылмыстық қауымдастыққа қатысты деген айып тағылды. Қаржы полициясы қазіргі кезде мемлекетаралық іздеуде жүрген дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бұрынғы басшысы Берік ЖАНКЕЕВТІ ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы деп атап отыр. Айыптау жорамалы бойынша, үш сотталушы сол кездегі облыстық спорт басқармасы басшысының қысымымен клубты қаржыландыруға бөлінген ақшаларды волейбол командасы Қазақстан мен шетелдерге іссапарларға шықты деген жалған құжатпен қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы бюджет қаржысын жымқыру сызбасын жасақтаған.

Қорғау тараптары қорғалушыларының кінәсіздігін растап отыр, өйткені олар осындай «қос бухгалтерия» жүргізуге мәжбүр болған. Билік клубтан жеңіс талап етеді, алайда облыстық спорт басқармасы бекіткен 14-25 мың теңге ресми жалақыға ешкім де ойнамайды. Клубқа жеңіс сыйлаған халықаралық дәрежедегі кәсіпқой ойыншылар өздеріне лайықты деңгейде – кей жылдары айына 8 мың доллар ақы төлеуді талап еткен. Бұл қаржыларды клуб бюджетінің басқа баптарынан, атап айтқанда оқу-жаттығу жиындарына бөлінген қаржылардан «суырып алған».

Облыстық спорт басқармасы волейбол клубының бірден бір құрылтайшысы болғандықтан, ол, тиісінше, бұл істе зардап шегуші тарап ретінде қатысып отыр. Сөйтіп айыпталушылардан ұрланған қаржыларды өндіру туралы азаматтық талап-арыз берген.

Отырыстардың бірінде Атырау қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Гүлмира ДӘУЛЕТОВА зардап шегуші тараптың өкілі облыстық дене шынықтыру, туризм және спорт басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанат ҚАЛЕНОВАДАН нақтылап сұрады:

- Сіз бұрынғыша өз талап-арызыңызды қолдайсыз ба?

- Білмей отырмын. Енді бәрін қайта санап шығу керек шығар, - деп жауап берді ол.

Фейсбукте 17 қыркүйекте «Берік Жанкеев» аккаунты пайда болды. Оның парағында соңғы (10 қазандағы) сот отырысынан кейін сот барысы туралы бірнеше комментарийлер пайда болды (стилистикасы сақталған):

«Адвокаттар уәде еткендей, қаржының командада қалғанын дәлелдеп шықты. Сот сараптамасы мұның бәрін растады. Прокурор осының бәрін көре тұра, еш кінәсі жоқ осындай жандарды 9 жылға қамауды сұрап отыр. Сот не айтар екен?».               

«Бүгін соңғы сөз берілді. Бір өкініштісі, жалған мойындау жауабын беруге оларды қалай алдағандары туралы шындықты ешкім айтқан жоқ. Бірақ Алланың өзі төреші, шындық жеңеді деп үміттенемін».

Парақша авторының Атырауда екенін оңай байқауға болады. Бұл әлеуметтік жүйеде пайдаланушының қай жерде екенін «геолокация» қызметі арқылы көруге болады.

Осылайша, екі жорамал бар: бұл Жанкеев емес, демек аккаунт – жай ғана жалған парақ немесе оның есімін бүркеніп басқа біреу ашқан. Немесе мемлекетаралық іздеуде жүрген Жанкеев туған жерінде «жасырынып жүр». Қалай дегенмен де, осы сот оның да тағдырын шешпек.

Осы талаптың негізділігіне деген сенімсіздік іс материалдарын қарау барысында тек зардап шегуші тарапта ғана туындап қана қойған жоқ. Біз бұрын жазып өткендей («Волейбол процесі» мақаласын қараңыз), тек сот залында, сотталушылардың адвокаттарының өтініші бойынша, волейбол клубының бірінші құрамының ойыншыларынан, жалақылары клуб шығынын құраған шетелдік легионерлерден жауап алынған еді. Әр жылдары жалақылары айына 2-ден 8 мың долларға дейін құраған барлық ойыншылар сотқа өз келісім-шарттарының түпнұсқалары мен көшірмелерін ұсынды. Келе алмағандар оларды қорғаушыларға пошта арқылы салып жіберген. Сөйтсек, спортшылар міндетті түрде өз келісімшарттарын сақтайтын көрінеді. Өйткені бір клубтан екіншісіне ауысқан кезде олар өздерінің нақты құнының дәлелі ретінде келісімшарттарды көрсетеді екен.    

- Осылайша, келісімшарттарда төленген қаржыларды есептеген кезде, олар тергеу жорамалы бойынша жымқырылған соманы құрап отыр, - деді адвокаттардың бірі Игорь ВРАНЧЕВ.

Ендеше тергеу бұл құжаттарды назардан тыс қалдырған? Судья осы сұрақты Экономикалық қылмысқа және сыбайлас қжемқорлыққа қарсы күрес департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Нұрбек ДАУМОВҚА қойған еді. Ол өз қолында келісімшарттардың болмағанын айтты. Ал сол аралықта судья алдын ала қаржы полициясына, іс материалдарында келісімшарттардың болғандығы туралы растаманың қайдан келгендігі жөнінде сұраныс жолдаған еді. Алайда, соған қарағанда, бұл тексерілмеген болды.

Сондай-ақ, неліктен тек команданың екінші құрамының ойыншыларынан ғана жауап алынғаны айқын болмады. Ал Запевалов болса, тек легионерлерден құралатын негізгі құрамды – «Атырау-1» командасын жаттықтырған еді.

Клубтың қаржылық қызметіне алдын ала талдау жасаған қаржы инспекциясы маманының қорытындысының неліктен тергеу назарынан тыс қалғандығы да түсініксіз. Талдау жұмысы «іссапар шығындары» бабының есебінен жалақылардың негізсіз төленгендігін» анықтады, ал тергеу ісі кейінірек мұны «ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жасалған ұрлық» деп атады.

- Яғни, іс жүзінде әңгіме бюджеттік жіктелімнен сомалардың: іссапардың орнына жалақыға заңсыз аударылуы туралы болып отыр, - дейді Вранчев,  - Ал мұндай қылмыстық бап жоқ.

Прокурор, қорғаушы және судья тергеушіден неліктен ойыншылардан алынған жауаптардың бүкіл хаттамаларының бір біріне ұқсас екендігін сұрады (естеріңізге салсақ, спортшылар орыс тілінде жауап алынғандығын, бұл тілді жетік білмейтіндіктерін мойындап, сотта бұл жауаптардан бас тартқан еді). Тергеуші куәгерлерге қысым жасамағанын айтты.

Өздерінің соңғы сөздерінде сотталушылар барлық айыптаулар бойынша өздерін толықтай ақтауды өтінді. Өйткені (Мұханбетжановтың сөзін келтірейін) «біздің әрекеттеріміз қылмыстық сипатта болған жоқ және мемлекетке зиян келтірмеген еді».

Естеріңізге салсақ, прокурор Гаухар ИБРАШЕВА Запевалов пен Мұханбетжанов үшін қатаң режимдегі колонияда 9 жылға, Харкина үшін жалпы режимде 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.

Үкім шығару 16 қазанға белгіленді.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

14 қазан 2013, 13:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.