Атырау, 28 наурыз 23:13
 бұлттыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Волейбол процесі

3 401 просмотра

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бюджет қаржыларын жымқыру және иемдену фактілері жөніндегі істерді қарауды бастады. Тергеу болжамы бойынша, айыпталушылар «Атырау» облыстық волейбол командасы» МКК директоры Жеңісбек МҰХАНБЕТЖАНОВ, бас бапкер Александр ЗАПЕВАЛОВ және есепші Светлана ХАРКИНА – ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында 253 миллионнан астам теңгені иемденіп алған.

ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕГІ ІССАПАРЛАР

Запевалов пен Мұханбетжановтың команда тетігінде болуы облысқа бірнеше дүркін жеңіс әкелген еді: «Атырау» екі мәрте Қазақстан Кубогын жеңіп алды, ел чемпионатында жүлделі орындар алып, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды... Алайда биылғы жылдың ақпан айында клубтың 2008-2012 жылдардағы қаржылық-шаруашылық қызметін тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары басталып, оның нәтижесі қылмыстық іс қозғауға  негіз болды. Запевалов пен Мұханбетжанов 17 мамырда қамауға алынып, үшінші айыпкер Харкина басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Оларға аса ірі мөлшерде ұрлық жасады, қызметтік жалғандық жасап, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты деген айып тағылды.

Ал тергеудің атауынша қылмыстық топтың ұйымдастырушысы болған дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бұрынғы басшысы Берік ЖАНКЕЕВ қашып жүр (басқарма волейбол клубының бірден бір құрылтайшысы боп табылады). Ол өз қалауымен жұмыстан кеткеннен кейін кешікпей, тергеу шаралары жүргізіліп жатқан кезде қашып кеткен. Айыптау қорытындысынан үзінді: «Жанкеев Атырау облысының әкімі Б. Рысқалиевпен тығыз қарым-қатынаста болғанын пайдаланып, мемлекет мүлігін ұрлау қылмысын жасауға бағытталған қарқынды әрекетті күшейткен».

Айыптау жорамалы бойынша, үш айыпталушы сол кездегі облыстық спорт басқармасының басшысы Жанкеевтің қысымымен клубты қаржыландыруға түскен қаржыны волейбол командасы Қазақстан мен шетелге іссапарларға шықты деген жалған құжатпен қолма қол ақшаға айналдыру арқылы бюджет қаржысын жымқыру сызбасын жасақтаған. Іссапарлар ауқымы кең: Стамбұл, Дубай, Мәскеу, Адлер, Пенза, Оренбург… қалалары көрсетіліпті.

 

ТІЛДІК КЕДЕРГІ ЖӘНЕ...

Алайда 20 тамыздан бастап куәгерлер ретінде команданың екі құрамының ойыншылары мен нұсқаушыларынан жауап алынған соттың алғашқы отырысында, кейбір айыптау көріністері олардың соттағы жауаптарымен қарама-қайшы көрініске ие болды. Екінші құрамдағы («Атырау-2» командасы) ойыншылардың көпшілігінің орыс тілін мүлдем немесе толық білмейтіндігі анықталды. Ал барлық жинақталған және қаржы полициясында олар қол қойған (бүкіл ойыншылардың қолдары бір біріне ұқсас) жауаптар тек орыс тілінде жазылған. Судья, олардың жауаптарына сәйкес, Запеваловтың оларға қысым жасап, жалған іссапарлар және тәулік шығындарын алғандықтары туралы құжаттарға қол қоюға мәжбүрлегені рас па деп нақтылап сұраған кезде, екінші құрамның командасының тіпті Запеваловпен жолдары түйіспегені анықталды. Ол бірінші құрамның ойыншыларын жаттықтырады екен. Ал айыптау жауаптарының басым бөлігі 20 жастағы ауылдың балаларына тиесілі. Оларға тергеуші ана тілдерінде жауап беруге құқықтары бар екенін ескертпеген боп шықты. Олардың айтуларынша, жауаптарға олар оқымастан қол қойған. Олар сотта басқа қалалар мен елдерге оқу-жаттығу жиындарына іссапарлар туралы ғана сұрақтар қойылғанын растады.

Болды-болған жоқ, иә-жоқ, сонымен бітті. Тергеуші қолыңды қой деді, мен қойдым, –деді ШАРИПОВ.

Үшінші сот отырысы судья Гүлмира ДӘУЛЕТОВАНЫҢ бастамасымен аудармашының қатысуымен өтті. Мемлекеттік айыптаушы Гаухар ИБРАШЕВА олардың әрқайсысына дерлік: «Сіз хаттаманы оқымай, қалай қол қойдыңыз?» деген сұрақ қойды. Жауап ретінде жігіттер орыс тілін білмейтіндіктерін, шаршағандықтарын және тергеушіге толықтай сенгендіктерін айтты. Сотта анықталғандай, екінші жауап алу шарасы Қызылордадағы жарыс кезінде, ойыннан кейін, кешкі сағат 10-нан таңғы 3-ке дейін жүргізілген. Орыс тілінде еркін сөйлейтін, тегі БИМЫРЗА деген ойыншы өте қатты шаршағанын және өз жауабын қайта оқып шығуға жағдайы болмағанын, сондықтан «байыбына бармастан қол қойып, кетіп» қалғанын ашық мойындады. Бірақ сол жауап алу кезіндегі барлық хаттамаларда күндізгі уақыт көрсетілген. Сол күні жауап алынған барлық 10 куәгер сотқа олардың шынайы немесе жалған қолдары қойылған ведомостволармен тергеушінің таныстырмағанын көрсетті. Ал осы бухгалтерлік кітапшалар айыптау қорытындысын жасауға негіз болған еді. Барлық хаттамаларда: «Осы іссапар бойынша оған көзбен шолуға ұсынылған құжаттар (бұйрық, шығыс ордері, аванстық есеп, соның ішінде тамақтану және тәуліктік шығындар бойынша төлем веломостволарында қойылған қолдардың тиістілігі) бойынша» деген жазу жазылған.

 

«62 ЖАСЫМДА ОТЫРҒЫМ КЕЛМЕЙДІ!»

Сотталушылардың бірінің адвокаты Игорь ВРАНЧЕВ тергеу ісінің құжаттар ретінде, оның пікірінше, басты құжатты: легионерлермен жасалған келісімшарттарды сұрастырмағанына айран-асыр болды. Олардың еңбекақылары кей жылдары айына 7-8 мың долларға жеткен. Бұл туралы өз сөзінде сотталушы Мұханбетжанов та сотта мәлімдеді («Алаңдағы негізгі күш соларға түскен еді, солардың арқасында команда жеңіске жетті»). Мұны сотқа қорғау тарапының өтініші бойынша шақырылған куәгерлер де растады. Сотта сөз алған үш ойыншының - ӘУБӘКІРОВТІҢ, ОЖИГАНОВТЫҢ (Ресей Федерациясының бұрынғы азаматы) және ПАСИЧНЮКТІҢ(Украинаның бұрынғы азаматы) еңбекақылары 2011 жылы 10,6 млн теңге құраған. Ал бүкіл клубтың («Атырау-1» және «Атырау-2» командалары) еңбекақысының жалпы қоры ресми түрде сол жылы 4,354 млн теңгеге тең болды. Бұл волейболшылар облыстық спорт басқармасының оларға қандай еңбекақыны бекіткені туралы ештеңе білмегендіктерін мойындады. Олардың өздері қолма-қол 350-400 мың теңгеден келісіп, келісімшартпен келген, бұдан тыс клуб олар таңдаған баспана шығындарын, аптасына 6 күн жақсартылған тамақтың, Атыраудағы көлік шығындарын және жылына бір рет үйлеріне ұшақпен бару-келу билеттерін төлеуге міндеттелген.

«Атырау-1» командасының екінші бапкері Даниил СЕМЕЕВ(қазір «Атырау» «Облыстық волейбол командасы» МКК директорының міндетін атқарушы) ресми түрде 23 мың теңге алғанын, ал келісімшартта көрсетілген 300 мың теңге оқу-жаттығу жиындарының жалған іссапарлары есебінен қолма-қол ақшамен берілгенін мойындады. Яғни, қажетті қаржыларды қолма-қол ақшаға айналдырудың осынау тәсілі ешкімге құпия болмаған. Қос есеп жүргізу, айыпталушылардың айтуынша, мәжбүрлі тәсіл болған. Бұған осы уақытқа дейін бүкіл тексеруші органдар көз жұмып келген. Сотталушылар сотта бірауыздан осынау заңсыз сызбаны көптен бері заңдастыруға әрекет жасағандарын, бірақ заңнамадағы қарама-қайшылық оларға мұны жасауға мүмкіндік бермегенін мәлімдеді.

«Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР Заңы бойынша келісімшарт негізінде ойыншыларды тартуға рұқсат етіледі, - деді Жеңісбек Мұханбетжанов. – Бірақ «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» ҚР Заңы бар, соған сәйкес, келісімшарт бойынша төлем тек өз кірістері есебінен ғана мүмкін болады. Ал бізде кіріс жоқ, өйткені біз мемлекеттік тапсырысты орындаймыз. Бізге клуб бюджетінің басқа баптарынан еңбекақыны жабуға тура келді. Бәлкім, осындай заң бұзушылыққа бару ақымақтық шығар. Бірақ бюджет қаржылары ешқайда жоғалған жоқ.

Бізге сеніңіздер!– деді кенеттен осы уақытқа дейін үнсіз отырған Запевалов айқайлап. – Ақша ешқайда кеткен жоқ, олар командада қалды. Біз ақша алған жоқпыз, біз жалақы бердік. Мен жасым 62-ге келгенде түрмеде отырғым келмейді.

Содан соң шашына ақ түскен бапкер жылап жіберді.

Айыпталушылардың айтуынша, осынау лажсыз тәсіл әрбір спорт клубына тән құбылыс болған. Адвокат ВРАНЧЕВ ҚР Волейбол федерациясының атқару комитетінің отырысындағы бейне хаттамаларды талап етуді өтінді. Онда Мұханбетжанов клуб басшылығын заңсыз сызба жасауға итермелемеу үшін екі мәрте жұртшылық алдында қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу қажет екендігі туралы мәселені қойған. Судья өтінішті қанағаттандырды. Сонымен қатар, мемлекеттік айыптаушының осы іс бойынша қаржы полициясы тергеушілерінің, клубтың бастапқы бухгалтерлік құжаттарына сараптама жасаған сарапшы мен қаржылық бақылау жасаған қызметкерге 16 қыркүйекте өтуі тиіс соттың келесі отырысына қатысуы туралы өтініші де қанағаттандырылды.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

6 қыркүйек 2013, 17:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.