Атырау, 20 наурыз 14:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 482.32
€ 553.37
₽ 5.63

Есболда бір айда екі өрт: ауылға өрт депосы қажет

Сурет
105 рет қаралды

Индер ауданы Есбол ауылында 5 мыңға жуық халық, 880 түтін бар. Осы жылдың наурыз айында  өрт оқиғалары тіркеліп, екі отбасы баспанасыз қалды.

Наурыздың 3-нен 4-не қараған түнде Нариман Ғинаятовтың үйі жалынға оранып, түгелімен өртеніп жарамсызданды. Наурыздың 17-сі күні Жәрдем Біләловтың үйінің шатыры ортасына түсіп, қалқиған қабырғалары қалды. 

Оқиға түстен кейін сағат 15.30 шамасында болғанымен өрт сөндірушілер үйді аман алып қала алмады. Себебі жалын өте тез болған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Өрт себебін анықтаған кезде екеуі де токтан кетті деген анықтама жасалыпты.

-Өрт тілсіз жау ғой, оны тоқтату мүмкін емес, тек көмек керек. Жыл сайын, жиын сайын айтып келеміз, ауылға өрт сөндіру депосын салу керек деп. Таусылмайтын уәдеден шаршадық. Егер салынса бізбен көршілес Өрлік, Ынтымақ, Көктоғай ауылдарын қамтыр еді. Берілген өрт сөндіру машиналары ескі-құсқы, «өкпесін» сүйретіп әрең жүр. Ауыл аудан орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан. Егер өрт оқиғасы бола қалса көмек ауданнан келеді. Оның үстіне «Атырау-Орал» жолының жарамсыздығынан ауылға жеткенше біраз уақыт алады. Ал лаулаған жалын олар келеді деп күтіп отырмайды ғой,-дейді ауыл тұрғындары Теңелбай Айтжанов, Бағытжан Иманғалиев.

Есбол ауылы округіне бір өрт сөндіру көлігі берілген. Оның жүргізушісі болғанымен өрт сөндіруші командасы жоқ, оны еріктілерден ұйымдастыру керек делінген де аяқсыз қалған. Өрт сөндіру көлігінің өзіне 15 жыл болған, су құятын бөшкесі тесік көрінеді. Онда қалай қызмет ететіні түсініксіз, аты бар да заты жоқ.

-Ауылға өрт сөндіру депосын салу үшін сметалық құжаты жасақталып әзір тұр. Егер қаржы бөлінсе құрылысы биыл басталуы тиіс. Екі отбасының адамдары ағайындарының үйін паналауда. Бүгінде көмек беру үшін есеп ашылып, еріктілер көмек қолын созуда,-дейді Есбол округінің әкімі Асхат Тілекқабыл.

Қазіргі жағдайда екі отбасы туыстарының үйінде тұрып жатыр. Оларға көмек көрсету үшін арнайы есепшот ашылып, еріктілер де іске қосылған.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бүгін, 12:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.