
Атырау облысы бойынша экология департаменті өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою мақсатында тұрақты рейдтер жүргізуде.
Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ арасындағы меморандум аясында ғарыштық мониторинг арқылы да жүзеге асырылып отыр.
Департамент мамандары жуырда Атырау қаласының Жұмыскер ықшамауданындағы заңсыз қоқыс орындарына барып, жергілікті атқарушы органдармен бірге зерттеу жүргізді. Қазір аталған аумақты тазарту қолға алынды.
Ғарыштық түсірілім нәтижесінде 2025 жылы облыс аумағында 40 рұқсатсыз қоқыс орны анықталған.
Оның ішінде 19-ы Атырау қаласында, 13-і Жылыой ауданында, 7-і Махамбет ауданында, 1-і Мақат ауданында орналасқан. Бүгінгі күні олардың 35-і (87%) толықтай жойылды. Қалған 5 қоқыс орны Атырау қаласының жеке тұрғын секторларында тұр.
Жалпы, өңірде соңғы жылдары заңсыз қоқыс орындарының саны азайып келеді. Мәселен, 2023 жылы 100 орын анықталса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 168-ге жеткен. 2026 жылы ғарыштық мониторинг жұмыстары қайта жүргізілуде.
Экология департаменті әкімдіктерге нақты мерзімдер белгілеп, қалдықтардан тазарту және бүлінген жерлерді қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Негізгі мақсат — тазартылған аумақтардың қайтадан ластануына жол бермеу. Рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізілмек.
В Атырау -10