
Бас прокуратурада интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Жиынға Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті мен Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылары қатысты. Кеңес барысында жедел-тергеу қызметінің тиімділігін арттыру шаралары талқыланып, атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылды.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы екі айында интернет-алаяқтық фактілері 8,3%-ға төмендеген. Атап айтқанда, тіркелген қылмыстар саны 4 385-тен 4 023-ке дейін азайған.
Қылмыстық жауапкершілікке 913 құқықбұзушы тартылған. Сонымен қатар, кибералаяқтықтарды ашу көрсеткіші 36,5%-дан 66%-ға дейін өсіп, 29%-ға артқан. Келтірілген залалды өтеу деңгейі 57%-ды құрап, 3,4 млрд теңгенің 1,9 млрд теңгесі қайтарылған.
Сондай-ақ алаяқтар пайдаланатын SIM-карталар мен WhatsApp аккаунттарын белсендірушілердің заңсыз қызметі де әшкереленуде. Мәселен, биыл ақпанда Батыс Қазақстан облысында алаяқтарға көмектескен тұлға 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол өз атына мыңнан астам SIM-картаны рәсімдеп, оларды қылмыстық мақсатта пайдалануға берген.
Бұдан бөлек, «сұр провайдерлердің» қызметіне ерекше назар аударылуда. Олар алаяқтарды виртуалды байланыспен қамтамасыз етеді. Осы жылдың қаңтар айында Қостанай облысында жалған байланыс операторының технигі шетелдік алаяқтық колл-орталықтарға IP-телефония қызметін көрсеткені үшін 7 жылға сотталған.
Құзырлы органдар дропперлік схемаларды анықтау бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр. Дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгеннен бері Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша 400-ден астам іс тіркеліп, оның 66-сы сотқа жолданған.
Жалпы, құзырлы органдардың мәліметінше, қазіргі таңда негізгі басымдық тек қылмыс жасаушыларды анықтаумен шектелмей, киберорта мен құқықбұзушылықтарға жағдай жасайтын факторларды жоюға бағытталған.
В Атырау -10