Атырау, 19 наурыз 12:06
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 482.49
€ 556.75
₽ 5.79

Күзде ашылған ​«Димаш төбе» көктемде не күйде?

Сурет
77 рет қаралды

Индербор кентінен шығысқа қарай 8 шақырым жердегі (Индер-Қарабау тас жолының бойында) ашық аспан астындағы «Димаш төбе» мұражайына 66 млн 536 мың теңге бөлініп, өткен жылы пайдалануға берілген болатын. Қазіргі күйі қандай?

1978 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев Индер ауданына келген сапарында қазба байлықтармен танысып, біраз жоспарлар айқындалған болатын. Хатшы аялдаған жерге «Димаш төбе» атауы берілді. 

47 жылдан кейін ашық аспан астында тарихи-мәдени кешенінің құрылысы басталып, 2025 жылдың қазан айында пайдалануға берілді. Мұражайда жоспар бойынша өңірдің тарихи жәдігерлері, археологиялық олжалар мен мәдени мұралар көрініс табуы тиіс болатын. Мердігер кешен орналасқан жерді тегіс қоршап, арка жасап, екі орындық қойып, Дендер күмбезіндегі минеральды тастар, рудалардың көрініс табуына мүмкіндік жасаған. 1860 шаршы метрге төсемтастар төселіп, екі күмбез, Д.Қонаевтың бюст тақтасы қойылған.

- Жасалған екен, қаржы бөлінген екен. Бірақ қазіргі күйі қуантып тұрған жоқ, төсемтастар ашылып, адам сүрініп жатыр. Біреу мертігіп қалмас бұрын мердігер мекеме қалыпқа келтірсін. Айдалада адам келмейді деген болмасын, бұл жерде тұз көлі өте жақын орналасқан. Жазда емдік шипа іздеп, жан-жақтан адамдар келеді. Келгендер осы мұражайға соқпай кетпейді ғой, - дейді Ғазиз Ғабдуллин.

Айтса айтқандай, төсемтастан бөлек, арка жағының бояулары кетіп, қоршаған дуалдардың басындағы қалпақшалар ұшып жерде жатыр. Бес ай болмай жетімсіреп қалған ашық мұражай алаңына байланысты тапсырысшы аудандық құрылыс бөліміне хабарласқанбыз.

- Мұражай құрылысын «СК Лира» ЖШС жүргізген болатын, өткен жылдың қазанында қабылдап алдық. Құрылыстың кепілдеме мерзімі болғандықтан мердігер мекемеге кемшіліктерді қалпына келтіру жөнінде хат жазып  жатырмыз. Олар күн жылына іске кіріседі, - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дарын Ілиясов.

Әзірше ондаған миллион теңге жұмсалған нысан бүлініп, жөндеуді күтіп тұр. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бүгін, 10:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.