
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи «Аль-Джазираға» берген сұхбатында елдің саяси жүйесі тұрақты әрі нақты тұлғаларға тәуелді емес екенін айтты. Ол бұл пікірін Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесінің хатшысы Али Лариджанидің қаза болуына қатысты білдірді, деп хабарлады INTERFAX.RU.
«Мен америкалықтар мен израильдіктердің әлі күнге дейін бұл жайтты түсінбегеніне таңғаламын: Иран Ислам Республикасы саяси, экономикалық және әлеуметтік институттары қалыптасқан мықты саяси құрылымға ие», – деді ол.
Министрдің айтуынша, «бір адамның болуы немесе болмауы бұл құрылымға әсер етпейді». Ол атап өткендей, елдің жоғарғы жетекшісі аятолла Али Хаменеи өлтірілгеннен кейін де жүйе өмір сүруін жалғастырды. Лариджанидің қазасы да Иран басшылығына «өлімге әкелетін соққы» болмайды деп сендірді.
«Әрине, жеке адамдар ықпалды, әрқайсысы өз рөлін атқарады – біреу жақсырақ, біреу нашарлау, біреу аздау. Бірақ маңыздысы – Ирандағы саяси жүйе өте берік құрылым», – деп атап өтті Аракчи.
Бұған дейін Израиль әскері Лариджанидің әуе шабуылы кезінде қаза тапқанын хабарлаған, бұл ақпаратты Тегеран да растады. Лариджани 18 наурызда жерленеді. Иран президенті Масуд Пезешкиан мен Ислам революциясы сақшылары корпусы оның өлімі үшін кек алуға уәде берді.
Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесінің хатшысы елдің ең ықпалды басшыларының бірі саналды. Кейбір БАҚ соңғы айларда ол ел үшін ең өзекті мәселелерді іс жүзінде өзі шешіп келгенін жазған.
В Атырау -10