
Жангелдин ауылындағы бір отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев екі айға қамауға алынды. Қамауға алу туралы санкцияны қалалық мамандандырылған тергеу соты берді.
«Ақ Жайық» басылымына белгілі болғандай, Сәрсемалиев тергеу изоляторына жеткізіліп, аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған тұлғаларға арналған арнайы камераға орналастырылды.
Тергеу мәліметтері бойынша, ол бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деген күдікке ілініп отыр.
Анықталғандай, ата-анасы өлтіріліп, өз үйінің ауласындағы сарайға көмілген. Ал олардың ұлы мен қызы Геолог ықшамауданындағы күдікті бұрын жалдап тұрған үйдің ауласына көмілгені белгілі болды.
Күдікті Индонезияда ұсталып, Атырауға жеткізілді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оның қасынан қаза тапқандардың жеке заттары, соның ішінде жеке куәліктері, банк карталары мен ұялы телефоны табылған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -10