
Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікпен тергеуде болған аудандық әкімдіктің бұрынғы қызметкері көз жұмды. Ер адамның өлімі туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарап жатыр, деп хабарлайды «Мой город» порталы.
Бейресми мәліметтерге сүйенсек, Шыңғырлау ауданының бұрынғы шенеунігі 16 наурызда қайтыс болған. Таратылған хабарламаларда онымен қоштасу рәсімі 19 наурызға белгіленгені айтылғанымен, өлімнің нақты себебі әзірге жарияланған жоқ.
Редакция ақпаратты растау және оқиғаның мән-жайын анықтау үшін БҚО Полиция департаментіне ресми сауал жолдады.
Шыңғырлау ауданындағы бұл жанжал жыл басында басталды. 2 қаңтарда 16 жасар қыздың әкесі полицияға арызданды. Оның айтуынша, ер адам мектеп оқушысын алдап үйіне шақырып, күш көрсеткен. Ол кезде полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы («Кәмелетке толмаған баланы зорлау») бойынша тергеу басталғанын растаған болатын.
Кейінірек істің барысы күтпеген бағытқа бұрылды: құқық қорғау органдары хат-хабарларды зерттеу барысында зорлық-зомбылық фактілері анықталмағанын мәлімдеді. Анасы мен қыздың өзі қарым-қатынастың «екіжақты келісім» негізінде болғанын айтып, ешқандай шағымымыз жоқ деген көрінеді. Алайда зардап шеккен қыздың әкесі бұл нұсқаны үзілді-кесілді жоққа шығарып, оның шындыққа жанаспайтынын айтқан.
Тараптардың қарама-қайшы айғақтарына қарамастан, 27 ақпанда БҚО прокуратурасы күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) қамалғанын хабарлады. Ол кезде ер адам бұрын өзі қызмет еткен Шыңғырлау ауданы әкімдігінің бөлімінен жұмыстан босатылып үлгерген еді.
Полиция тараптардың татуласу әрекеттеріне қарамастан, қылмыстық істі тергеу жалғаса беретінін қадап айтқан болатын.
В Атырау -10