
Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Президенттің Жарлығына сәйкес, 17 наурыздан бастап қалалық және аудандық шақыру комиссиялары азаматтарды мерзімді әскери қызметке қабылдауды қолға алды.
30 маусымға дейін 18–27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам жас Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдардың қатарына қосылады. Оның ішінде:
- 11 мыңнан астамы – Қарулы күштерге,
- 7 мыңнан астамы – Ұлттық ұланға,
- 2 мыңға жуық – Шекара қызметіне,
- 400-ге жуық – Төтенше жағдайлар министрлігіне,
- 300-ге жуық – Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылады.
Шақырту SMS-хабарлама және eGov порталы арқылы жіберіледі. Азаматтар шақыру алған жағдайда жергілікті әскери басқару органына келуге міндетті.
Қорғаныс министрлігі «Smart әскери комиссариат» жобасын іске асырып, әскери есепке алу процесін автоматтандырды. Бұл жүйе тұрғылықты жерін өзгерткен азаматтарды автоматты түрде есепке қояды, кейінге қалдыру немесе босатуды рәсімдейді. 2025 жылы 457 мыңнан астам адамға кейінге қалдыру берілген.
Шақырылушыларды медициналық куәландыру үшін «E-Medosмотр» жүйесі енгізілді. 2025 жылы 17 мыңнан астам жас медициналық тексеруден цифрлық форматта өтті.
Әскери қызметшілерге мемлекет тарапынан қолдау шаралары қарастырылған: несиелік демалыс беріледі, ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі ұсынылады. 2023 жылдан бері 9 мыңнан астам сарбаз осы мүмкіндікті пайдаланды.
Сонымен қатар, әскери қызметшілер оқу орталықтарында жұмысшы мамандықтарын меңгеріп, қосымша тәжірибе жинай алады. Ал шақырудан жалтарған азаматтарға заңнамаға сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
В Атырау -10