
Қазақстандық ғалымдар онкологиялық және жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алуға арналған биологиялық белсенді қоспа әзірлеуде. Жоба Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтында жүзеге асырылып жатыр.
Мақсат – отандық өсімдік шикізаты негізінде қолжетімді әрі тиімді функционалдық өнімдер шығару. Қоспаның басты құрамдасы – табиғи антиоксидант ликопин, ол иммунитетті күшейтіп, созылмалы аурулардың қаупін азайтуға ықпал етеді.
Ғалымдар қызанақ пен қарбыздан пайдалы заттарды сақтай отырып ұнтақ алу технологиясын жасап шықты. Лиофильді және инфрақызыл кептіру әдістері өнімнің түсін, дәмін және биологиялық құндылығын жоғалтпай сақтауға мүмкіндік береді.
Қоспаның құрамына ликопинмен қатар қызанақ ұнтағы, қарбыз ұнтағы, асқабақ дәні және мақсары майы кіреді. Мұндай үйлесім жоғары биожетімділікті, айқын антиоксиданттық әсерді және жақсы дәмдік қасиеттерді қамтамасыз етеді.
Жобаның практикалық маңызы зор: ол импорттық қоспаларға тәуелділікті азайтып, отандық шикізат базасын кеңейтуге және агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына жаңа мүмкіндік береді.
В Атырау -10