
Қазақстанда танымал блогерлер Жанабыловтардың ісі бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.
Ерлі-зайыптыларға заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген айыптар тағылған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Instagram-да 15 миллионнан астам оқырманы бар ерлі-зайыптылар 2025 жылы онлайн-курстар сату желеуімен арнайы схема ұйымдастырған. Айыптау тарапының уәжінше, сатып алушылар үшін басты ынталандыру құралы — қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу мүмкіндігі болған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) ақпараты бойынша, блогерлердің бақылауындағы «Zhana Business» ЖШС-нің шоттарына азаматтардан 247,5 миллион теңге түскен. Бұл соманың 60 миллион теңгесі депозиттерге салынған.
Прокуратура өкілдері тағылған айыптар бойынша блогерлерге не қомақты айыппұл салынуы, не жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Айыппұл көлемі, ресми мәліметтерге сүйенсек, 1 миллиард теңгеден асуы мүмкін.
Тергеу аясында компаниялардың шоттары, ұтысқа арналған 17 жаңа iPhone, 8 «Hyundai Elantra» автокөлігі, сондай-ақ блогерлердің жеке меншігіндегі «Lamborghini Urus» және «Lexus LX 600» көліктеріне тыйым салынды.
Прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайруллаевтың айтуынша, әңгіме тіркеусіз немесе тиісті лицензиясыз, аса ірі мөлшерде табыс табумен ұштасқан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру туралы болып отыр.
Сонымен қатар, сотта ұтыс жеңімпаздары тарапынан сыйлығын ала алмағаны туралы полицияға ешқандай шағым түспегені айтылды.
Сот отырысы барысында судья сотталушылардан өз кінәсін мойындайтын-момойындамайтынын сұрады. Ерболат Жанабылов әзірге жауап беруден бас тартса, Эльмира Төлегенова куәгерлерден жауап алып, іс материалдарын зерттегеннен кейін пікір білдіретінін айтты.
В Атырау -10