
Маңғыстау облысында республикалық референдум өткен күні көпбалалы отбасылардың бірінде ұл бала дүниеге келіп, оған Атазаң есімі берілді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникация орталығы.
Нәресте – отбасындағы тоғызыншы перзент. Ұл бала 4130 грамм салмақпен, 57 сантиметр боймен өмірге келді. Дәрігерлердің айтуынша, анасы мен сәбидің жағдайы жақсы, өздерін қалыпты сезінеді және мамандардың бақылауында.
Баланың дәл осы күні дүниеге келуі отбасы үшін ерекше әрі символикалық оқиға болды.
«Ұлымыз ел үшін маңызды күні дүниеге келді. Сол себепті бұл күн отбасымыздың тарихында мәңгі сақталсын деп оған Атазаң деп ат қойдық. Болашақта елін сүйетін, Отанға пайдасын тигізетін азамат болып өссе дейміз», – деді нәрестенің анасы.
Ата-анасының айтуынша, ұлдарының ел үшін маңызды күні дүниеге келуі олар үшін үлкен қуаныш әрі өмір бойы есте қалатын сәт болған.
Перзентхана дәрігерлері ата-ананы қуанышты жаңалықпен құттықтап, сәбиге мықты денсаулық, амандық және бақытты балалық шақ тіледі. Медицина қызметкерлері дені сау баланың дүниеге келуі – әрдайым отбасы үшін де, дәрігерлер үшін де үлкен қуаныш екенін атап өтті.
В Атырау -10