Атырау, 13 наурыз 12:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 491.68
€ 568.23
₽ 6.20

Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңі әзірленді

77 рет қаралды

Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірледі. Жобаға сәйкес алдағы үш жылда су айдынының көлемі де аумағы да ұлғаюы тиіс. 

Жобада Солтүстік Аралдағы су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру үшін Көкарал бөгетін реконструкциялау көзделген. Нәтижесінде су айдынының аумағын 3 913 шаршы шақырымға дейін, ал су көлемін 34 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар министрлік Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Арал-Сырдария бассейнінің ирригация жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 160-тан астам жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр. Бұл жұмыстар суды тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, үнемделген су көлемін Солтүстік Аралға бағыттауға жағдай жасайды.

Қазіргі уақытта жоба ҚР Премьер-министрінің төрағалығымен жұмыс істейтін Халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс жөніндегі үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылуда. Жобаны іске асыру мерзімі — 2026-2029 жылдар.

Еске салайық, соңғы үш жылда Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимін келісу және мемлекетаралық келісімдерді қатаң сақтау нәтижесінде Солтүстік Арал теңізіне 6 млрд текше метрден астам су келді. Соның нәтижесінде теңіздегі су көлемі 2022 жылдың соңындағы 18,9 млрд текше метрден 2025 жылдың соңына қарай 23 млрд текше метрге дейін артты.

Бүгін, 10:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.