
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесі төмендеді деген шағымдардың еш негізі жоқ екенін мәлімдеді.
Бұл туралы ол 12 наурызда өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, Негізгі заң жобасының екі тілде жариялануының өзі мемлекеттің бұл мәселеге деген көзқарасын айқын көрсетеді. «Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық», — деді Тоқаев.
Президент конституциялық тұжырымдарды сынаушыларға қатысты да қатаң пікір білдірді. «Бұл жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгімеге қатысты да осыны айтуға болады. Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген», — деп атап өтті ол.
Бұл тақырып төңірегіндегі пікірталас жаңа Конституция жобасы жарияланғаннан кейін туындаған болатын. Құжатта орыс тілі туралы нормада оның мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында «қазақ тілімен қатар (наряду) ресми түрде қолданылатыны» туралы тұжырым ұсынылған. Бірқатар пікір білдірушілер бұрынғы «тең» (наравне) сөзінің «қатар» (наряду) сөзіне ауыстырылуын орыс тілі мәртебесінің символикалық тұрғыда төмендеуі деп қабылдады, дегенмен жобада тілдің ресми мәртебесі сақталған.
Президент Тоқаев жаңа Конституция жобасында Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі болып қала беретіні нақты бекітілгенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, оның пікірінше, қазақстандық жастардың қазақ және орыс тілдерін қоса алғанда, бірнеше тілді меңгеруге толық мүмкіндігі бар.
В Атырау -10