
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ираннан Парсы шығанағындағы көршілес мемлекеттерге жасалған шабуылдарды дереу тоқтатуды талап ететін қарар қабылдады, деп хабарлайды әлемдегі БАҚ.
Құжатты Қауіпсіздік Кеңесіне мүше 15 елдің 13-і қолдап дауыс берді. Бастамашылар ретінде Иорданиямен бірлесіп Парсы шығанағы елдері (БАӘ, Сауд Арабиясы, Кувейт және т.б.) шықты. Мәтінде Тегеранның әрекеттері халықаралық құқықты бұзатыны және жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіретіні атап көрсетілген.
Қарардың негізгі талаптары:
- Шабуылдарды тоқтату: Көрші елдердің аумақтарына соққы беруді дереу тоқтату.
- Кеме қатынасы: Мұнай экспорты жүретін аса маңызды көлік артериясы — Ормуз бұғазын бұғаттауды айыптау.
- Деэскалация: Аймақтағы шиеленісті азайтуға шақыру.
Ресей мен Қытай неге қалыс қалды?
Қауіпсіздік Кеңесінің екі тұрақты мүшесі — РФ мен ҚХР құжатты қолдамады. Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя қарарды «біржақты» деп атап, онда АҚШ пен Израильдің Иранның өзіне жасаған соққылары туралы айтылмағанын атап өтті. Ресей тарапы құжаттың өз нұсқасын ұсынғанымен, оған АҚШ вето қойды.
Иранның реакциясы
Ресми Тегеран БҰҰ шешімін «саяси қиянат» деп атады. Иран өкілі Әмір Саид Иравани елдің өзі «агрессия құрбаны» екенін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Таяу Шығыстағы жағдай 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің «Эпикалық қаһар» (Epic Fury) атты ауқымды әскери операциясы басталғаннан кейін күрт шиеленісті. Әуе соққылары барысында Иранның жоғарғы басшылығы, соның ішінде аятолла Әли Хаменеи қаза тапты. Бұған жауап ретінде Тегеран Израиль нысандары мен көрші елдердегі АҚШ әскери базаларын атқылай бастады, бұл азаматтық нысандардың зақымдануына әкеп соқты.
Бұған дейін Иран президенті Масуд Пезешкиан көршілерінен олардың аумағына жасалған соққылар үшін кешірім сұрап, мұны қолбасшылық қаза тапқаннан кейін әскердегі үйлесімділіктің жоғалуымен түсіндірген болатын. Алайда Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) аймақтағы АҚШ базаларына шабуылдар жалғаса беретінін мәлімдеді.
Дональд Трамп бұл қақтығысқа қатысты пікір білдіріп, соғыс өзі «қалаған кезде» аяқталатынын айтты. Өз кезегінде Иран бейбітшілік шарттарын Ислам Республикасы таңдайтынын алға тартуда.
В Атырау -10