
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары барысында Қашаған кен орнының операторы — NCOC компаниясының еңбек ұжымымен өндірістік мәселелерге арналған жиын өткізді.
Сапар аясында ҚМГ басшысы кен орнының негізгі өндірістік нысандары — теңіз кешені мен «Болашақ» зауытын аралап көрді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қашағанда шамамен 18,2 млн тонна мұнай өндіріліп, оның 3 млн тоннадан астамы ұлттық компания үлесіне тиесілі болды.
Жиын барысында биылғы күрделі жөндеу жұмыстарына дайындық, тоқтап тұрған ұңғымаларды қайта іске қосу және өндірістік процестерді тиімді ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Асхат Хасенов жоспарланған іс-шараларды сапалы орындаудың және белгіленген мерзімдерді сақтаудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар Қашаған кен орнын толық игеру бойынша ұзақ мерзімді модельге қатысты жоспарлар көтерілді. «Келісімшартты инвестицияға айырбастау» тетігі аясында жергілікті өндірістерді дамытуға бағытталған келісімдер жасалды. Атап айтқанда, Brucke Energy компаниясымен жоғары қысымды сақтандыру клапандарын, Global Energy Service-пен сақиналы төсемшелерді шығару, Hyundai Aktau-мен жедел жәрдем көліктерін жеткізу жөнінде келісімдер жасалды. Бұдан бөлек, «жергілікті тендер» тетігі бойынша 10 келісімшартқа қол қойылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша NCOC сатып алу көлеміндегі қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлесі 70% немесе $606 млн-ды құрады.
Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында NCOC өндірістік тиімділікті арттыру үшін жасанды интеллектке негізделген Digital Oil Field, Video Analytics және CogniteData Fusion технологияларын енгізуді жоспарлап отыр.
В Атырау -10