
British Airways 10 наурыз, сейсенбі күні Ирандағы соғысқа байланысты Таяу Шығыстағы бірнеше бағытқа жоспарланған рейстерін тоқтатты, деп хабарлайды АА.
Авиакомпанияның хабарлауынша, осы айға жоспарланған Амман, Бахрейн, Доха, Дубай және Тель-Авивке ұшулардың барлығы тоқтатылды.
Ал Абу-Дабиге және Абу-Дабиден рейстер жыл соңына дейін орындалмайды.
Мәлімдемеде рейстердің қысқаруы өңірдегі «жалғасып жатқан белгісіздікке» және «әуе кеңістігінің тұрақсыздығына» байланысты екені айтылды.
«Біз жағдайды үнемі бақылап отырмыз және клиенттерімізбен байланыста болып, оларға түрлі балама ұсынамыз», – делінген компанияның хабарламасында.
British Airways сонымен қатар клиенттерін өздерін авиакомпания өкілі ретінде көрсететін алаяқтардан сақ болуға шақырды.
Берілген ақпаратқа сәйкес, алаяқтар жолаушылармен байланысып, олардың жеке деректері мен төлем реквизиттерін сұраған.
Өңірдегі қақтығыс 28 ақпанда Израиль мен АҚШ-тың Иранға бірлескен соққы жасауы салдарынан күшейді. Бұл шабуылдан 1200-ден астам адам қаза тауып, 10 мыңнан астамы жарақат алған. Израиль сонымен бірге Ливандағы «Хезболлаға» қарсы әскери операцияларын кеңейтті.
Тегеран берілмей, Израильге, Иорданияға, Иракқа және АҚШ әскери нысандары орналасқан Парсы шығанағы елдеріне дрондар мен зымырандар арқылы жауап беріп жатыр.
В Атырау -10