
Қостанайда интернет-алаяқтарға байланыс нөмірлерді тіркеуге көмектескен күдікті ұсталды.
Polisia.kz хабарлауынша, облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы интернет-алаяқтар үшін SIM-карталарды белсендендірумен айналысқан 26 жастағы әйелді анықтады.
Тергеу деректеріне сәйкес, ол белсендірілген нөмірлерге WhatsApp мессенджерінде аккаунттар тіркеп, кейін оларға қолжетімділікті үшінші тұлғаларға беріп отырған. Дәл осы нөмірлер арқылы алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, хабарламалар жіберіп, өздерін банк қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері немесе түрлі ұйымдардың атынан таныстырған.
Полицияның мәліметінше, күдікті SIM-карталарды белсендендіру арқылы табыс тапқан. Төлемдер криптовалюта арқылы жүргізіліп, кейін қаражат банктік шоттарға шығарылған. Тінту барысында 6 телефон, 3 планшет және әртүрлі байланыс операторларына тиесілі шамамен 400 SIM-карта тәркіленді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы мен мүмкін болатын сыбайластары анықталуда.
Полиция азаматтарға сақ болуды, жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуді және белгісіз тұлғалардың өтініші бойынша қаржылық операциялар жасамауды ескертеді.
В Атырау -10