
Жақын арада қазақстандықтардың банк шоттарына бұрын заңмен тыйым салынған үстемеақылар түсе бастайды. 19 наурыздан бастап банктер кәдімгі дебеттік карталардағы қалдық ақшаны пайдаланғаны үшін үстіне пайыз есептеп, төлем жасайды, деп хабарлайды digitalbusiness.kz.
«Банктер және банк қызметі туралы» заңға енгізілген тиісті түзетулер 16 наурызда күшіне енеді. Бұған дейін қаржы институттарына ағымдағы шоттар бойынша табыс төлеуге тыйым салынған болатын, ал банктер өз кезегінде халықтың осы «тегін» триллиондаған теңгесін өздері белсенді пайдаланып келді.
Қанша төленеді?
Жаңа нормаға сәйкес, сыйақы мөлшерлемесі әзірге жылдық 1 пайызбен шектеледі. Бұл көрсеткіш аз көрінгенімен, ел көлемінде алғанда өте қомақты сома.
«Қазақстандықтардың ағымдағы және карточкалық шоттарында шамамен 3,6 триллион теңге жатыр. Бұл — жалпы салымдар көлемінің қазіргі таңдағы 15 пайызға жуығы. Банктер халыққа ешқандай табыс бермей, осы орасан зор қаражатты пайдаланып келді», — деп түсіндірді депутат әрі «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров.
Әлемдік тәжірибе
Депутаттың айтуынша, Қазақстан халықаралық стандартты енгізіп жатыр: АҚШ-та ағымдағы шоттар бойынша 2 пайызға дейін, Еуропада — 1,5 пайызға дейін, ал Түркияда — 5 пайызға дейін төленеді. Алдын ала есептеулер бойынша, тіпті ең төменгі мөлшерлеменің өзінде ел халқы жылына қосымша 180 миллиард теңгеге жуық табыс ала алады.
Маңызды күндер:
- 2026 жылғы 16 наурыз — заң ресми түрде күшіне енеді.
- 2026 жылғы 19 наурыз — азаматтардың шоттарына алғашқы пайыздар түседі деп күтілуде.
«Көптен күткен бұл мүмкіндік қайта оралды. Енді картадағы қаражат жай ғана жатпай, иелеріне аз да болса тұрақты табыс әкеледі», — деп атап өтті заң жобасына бастамашы болғандар.
В Атырау -10