
Дональд Трамптың сөз жүзіндегі интервенцияларына қарамастан, Ормуз бұғазы іс жүзінде жабық күйінде қалып отыр. Акваториядағы мұнай танкерлеріне Иранның дрон-камикадзелері шабуыл жасау қаупі төніп тұр, ал мұнай бағасы соңғы үш жылдағы ең жоғары деңгейін сақтап, кей сәттерде барреліне $94.5-ға дейін көтерілуде. Қаншалықты оғаш естілсе де, Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы Brent маркалы мұнай бағасын $60 шамасында жоспарлаған Қазақстан бюджеті үшін тиімді болып тұр, деп хабарлайды Finmentor.kz.
Мұнайдың физикалық нарығындағы сирек кездесетін жағдай қосымша факторға айналды: қазақстандық экспорттық CPC Blend сорты Brent-ке қарағанда айтарлықтай үстемемен (премиямен) саудалана бастады. Егер бұрын Қазақстан мұнайы әдетте барреліне $4–$6 жеңілдікпен (дисконтпен) сатылып келсе, қазіргі үстеме шамамен +$20 құрайды. Бұл Парсы шығанағынан жеткізілімдердің іркілуі аясында жаһандық нарықтың қайта құрылуын көрсетеді — қақтығыс аймағынан тыс жердегі мұнай бағасы күрт өсті, ал Қазақстан қолжетімді әрі салыстырмалы түрде сенімді логистикасы бар санаулы жеткізушілердің қатарынан табылды.
Бұл жағдайдан тағы кім ұтып отыр? Teniz Capital сарапшыларының бағалауынша, мұнайдың премиум бағасынан негізгі пайданы ConocoPhillips (COP) және Occidental Petroleum (OXY) сияқты әртараптандырылған мұнай өндіруші және мұнай-газ компаниялары көруде. 2025 жылдың желтоқсан айының басында ConocoPhillips акциялары +25.3%-ға өсті. Жергілікті эмитенттер арасында «ҚазТрансОйл» АҚ (KZTO) және «ҚМГ» ҰК» АҚ (KMGZ) акциялары әлеуетті бенефициарларға жатады, бұл туралы Teniz Capital 2 наурыздағы талдауында да жазған болатын.
Сонымен қатар, геосаяси шиеленіс басқа секторлар мен нарықтарға да әсер ете бастады. Teniz Capital сарапшылары бұған дейін болжағандай, энергия ресурстары бағасының өсуі жағдайында ең осал сегменттердің бірі — әуе тасымалдаушылары болып шықты: Lufthansa (LHA) акциялары −14.7%-ға, Air France–KLM (AFRO) — −21.1%-ға, International Airlines Group (IAG) — −17.0%-ға төмендеді. Қор индекстері де айтарлықтай коррекция көрсетті: оңтүстіккореялық KOSPI индексі −15.9%-ды жоғалтса, еуропалық Euro Stoxx 50 көрсеткіші −8.9%-ға төмендеді.
В Атырау -10