
Каспий теңізі деңгейінің төмендеу қарқыны айтарлықтай бәсеңдеді. Ғалымдар жақын арада судың тартылу процесі толығымен тоқтауы мүмкін деп сендіреді, деп хабарлайды Caliber.Az.
Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы География институтының бөлім меңгерушісі, эколог Әнуар Әлиев соңғы үш жылдағы мониторинг мәліметтері үміт ұялататынын атап өтті. Егер бұған дейін теңіз деңгейінің жыл сайынғы төмендеуі 25–30 сантиметрді құраса, қазір бұл көрсеткіш екі есеге жуық азайып, 15–17 сантиметрге дейін түскен.
«Үміт бар. Соңғы 200 жылдағы мәліметтерді талдай отырып, біз теңіз деңгейінің төмендеу кезеңі 2040 пен 2050 жылдар аралығында тоқтайды деп болжаймыз. Алайда, бұл процесс әлдеқайда ерте — алдағы бес жылда орын алуы да әбден мүмкін», — деді сарапшы.
Экологтың пікірінше, су деңгейінің төмендеуі тоқтағаннан кейін оның көтерілу фазасы басталады. Сонымен қатар, ғалым Каспийдің бұрынғы жоғары деңгейіне қайта оралуы ұзақ уақытты алатынын және бұл бір жылдың ішінде шешіле қоймайтын процесс екенін баса айтты.
Еске сала кетейік, Каспий теңізінің тартылуы Қазақстанның, Әзербайжанның және басқа да Каспий маңы мемлекеттерінің мүдделеріне тікелей әсер ететін аймақтағы негізгі экологиялық проблемалардың бірі болып қала береді. Мамандар акваториядағы өзгерістерге үздіксіз бақылау жүргізуді жалғастыруда.
В Атырау -10