
Отандық өндірушілер Қытай Халық Республикасына май-тоңмай өнімдерін жеткізу көлемін айтарлықтай арттырды.
Мәселен, өткен жылы Қазақстан Қытайға күнбағыс майын жеткізу бойынша 36% үлеспен екінші орынға шықты. Бұл туралы Шанхай қаласында өткен «Chinese Grains & Oils Congress 2026» халықаралық конференциясында «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығы» басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимов мәлімдеді.
Қауымдастықтың деректері бойынша 2025 жылы Қазақстанның май-тоңмай өнімдерінің Қытайға экспорты 44%-ға өсіп, 440 мың тоннаға жетті. Ал экспорттан түскен табыс 37%-ға артып, 312 млн АҚШ долларын құрады.
Ядыкар Ибрагимов атап өткендей, экспорттың артуына логистикалық үдерістердің тиімділігін арттыру да ықпал еткен. Қауымдастық пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2024 жылдың басынан Достық–Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы өсімдік майын қайта тиеу бойынша пилоттық жобаны іске қосты.
Осы кезеңнен бері Қытай бағыты бойынша жөнелту жоспарының орындалу деңгейі 90%-дан асты. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 40% ғана еді.
Биылғы жылдың наурыз айында Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы мен «Қазақстан темір жолы» Қытай бағытына күнбағыс шротын астық тасымалдайтын вагондармен экспорттау жоспарын келісу бойынша пилоттық режимде жаңа жобаны іске қосты. Бұл тетік бұрыннан тексерілген өсімдік майын жөнелту жүйесінің негізінде жүзеге асырылуда.
В Атырау -10