Атырау, 6 наурыз 22:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 493.36
€ 572.84
₽ 6.29

Ұлттық банк мөлшерлемені сақтады: сарапшылар негізгі себептерді атады

146 рет қаралды

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жариялады. Бұл жолы да реттеуші көрсеткішті өзгеріссіз қалдырды. Оның себебін мамандар түсіндірді. 

Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова базалық мөлшерлеме деңгейіне жоғары инфляция ықпал еткенін айтады. 

Оның сөзінше, қазіргі уақытта Қазақстандағы базалық мөлшерлеме жылдық 18%-ды құрайды және бұл дамушы нарықтар арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мұндай деңгей экономиканың негізгі мәселесін – тұрақты жоғары инфляцияны көрсетеді. 

«Қазақстан Ұлттық банкі мен ҚР Ұлттық статистика бюросы деректеріне сәйкес, 2025 жылы жылдық инфляция шамамен 12-13% болды, ал реттеушінің орта мерзімді мақсатты деңгейі 5% болып қала береді. Бұл инфляция әзірге қалаған деңгейден екі еседен астам жоғары екенін білдіреді», – деп түсіндірді сарапшы. 

Саида Тілеуленованың айтуынша, реттеуші базалық мөлшерлемені сақтау туралы шешім қабылдағанда бірнеше негізгі факторды бағалайды. 

«Біріншіден, бұл – баға динамикасы. Инфляция құрылымында азық-түлік тауарлары мен қызметтер маңызды рөл атқарады. Статистикаға сәйкес, кейбір кезеңдерде азық-түлік инфляциясы 10-11%-дан асып кеткен, ал қызмет көрсету секторында халық табысының және тарифтердің өсуіне байланысты бағалар тұрақты түрде қымбаттап келеді», – деді сарапшы. 

Екіншіден, халықтың инфляциялық күтулері ескеріледі. Ұлттық банктің сауалнамалары бойынша олар шамамен 14-15% деңгейінде қалып отыр. Бұл тұрғындардың алдағы уақытта баға өсімі жалғасады деп күтетініне меңзейді.

«Үшінші фактор – экономиканың жалпы жағдайы. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі шамамен 5-6% болды. Бұл аймақ елдері үшін салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіш саналады. Мұндай жағдайда ақша-несие саясатын тым қатаңдату инвестициялар мен бизнесті несиелеуге қысым түсіруі мүмкін», – дейді маман. 

Ал қаржыгер Раушан Тасшоинова базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдау кезінде реттеуші көптеген макроэкономикалық көрсеткіштерді талдайтынын жеткізді.

«Ең алдымен инфляция динамикасы мен халықтың инфляциялық күтулері бағаланады. Сонымен қатар ішкі сұраныстың жағдайы, экономиканы несиелеу қарқыны және валюта нарығындағы ахуал да маңызды», – дейді сарапшы.

Ішкі факторлармен қатар сыртқы жағдайлар да үлкен рөл атқарады. Атап айтқанда, әлемдік шикізат бағалары, әсіресе мұнай бағасы, сондай-ақ жаһандық экономикалық жағдай мен геосаяси тәуекелдер ескеріледі. 

Halyk Finance деректеріне сәйкес, Қазақстанда жылдық инфляция жоғары базалық мөлшерлеме әсерінен біртіндеп баяулап келеді. 2024 жылғы қыркүйекте 12,9%-ға жеткен инфляция 2025 жылдың ақпанында 11,7%-ға дейін төмендеген. Сонымен қатар, сарапшылар айлық инфляция әлі де жоғары деңгейде қалып отырғанын атап өтеді.

Бүгін, 14:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.