
Атырау облысында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен жиында өңірдің гидрологиялық ахуалы мен алдын алу шаралары қаралды.
1 наурыздағы жағдай бойынша өңірде 9 метеостанция, 2 автоматтандырылған метеостанция, 12 гидробекет және 3 агрометеорологиялық пункт арқылы тұрақты мониторинг жүргізілуде.
«Қазгидромет» мәліметінше, өзен бассейндеріндегі ылғалдану деңгейі 47–67% аралығында, бұл қалыпты көрсеткіштен төмен. Былтырғы жылмен салыстырғанда жауын-шашын көлемі 51%-ға азайған.
Алдын ала болжамға сәйкес, Жем және Сағыз өзендерінде тасу қаупі төмен. Қызылқоға, Мақат, Индер, Махамбет, Исатай аудандары мен Атырау қаласы да қауіп деңгейі төмен аймақтар қатарында.
Қорғаныс шаралары аясында Атырау қаласы мен бірнеше ауданда 106,3 шақырымдық бөгеттер нығайтылды. Сонымен қатар «Табиғат» КМК облыстағы 20 суару арнасында және бір су торабында жөндеу, тазалау, арналарды кеңейту және жағалауды бекіту жұмыстарын жалғастыруда.
Жедел әрекет ету үшін 1668 қызметкер, 466 техника, 291 мотопомпа, 24 жүзу құралы және 3 тікұшақ дайындалған. Қажетті жанар-жағармай, инертті материалдар, қаптар, шатырлар мен төсек-орын жабдықтары қоры жасақталған.
Жиын барысында облыс әкімі барлық мемлекеттік органдар мен аудан әкімдіктерінің бірлескен іс-қимылын күшейтуді, ақпарат алмасуды жеделдетуді және гидрологиялық жағдайдағы өзгерістерге дер кезінде ден қоюды тапсырды. Сондай-ақ қорғаныс бөгеттерінің техникалық жарамдылығын кешенді тексеру міндеттелді.
В Атырау -10