Атырау, 5 наурыз 18:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 499.83
€ 581.50
₽ 6.42

Қазақстан аятолла Хаменеидің және Иранның басқа да азаматтарының қазасына қайғырып, көңіл айтады

123 рет қаралды

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшілігіне барды.

Мемлекет басшысының атынан жоғарғы палата спикері иран халқына, сондай-ақ соңғы қайғылы оқиғалар салдарынан қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты.

Иранның Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесу барысында Қазақстанда Иранның жоғарғы діни жетекшісі аятолла Сейед Әли Хаменеидің, елдің жоғары басшылығы өкілдерінің және бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың қаза болғаны туралы хабарды естігенде, қатты қайғырғанын атап өтілді.

Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президентінің дәйекті ұстанымына баса назар аударды: Қазақстан кез келген халықаралық қақтығысты тек саяси-дипломатиялық әдістермен шешкенді жақтайды. Сенат спикері Астананың жаһандық қауіпсіздік мәселелерінде халықаралық құқық нормаларын және БҰҰ Жарғысын қатаң ұстанатынын еске салды.

Кездесу соңында Иран Қазақстан үшін жақын көрші және маңызды серіктес болып қала беретіні атап өтілді. Спикер республиканың өңірдегі қазіргі қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге жан-жақты жәрдемдесуге дайын екенін растады.

Бүгін, 16:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.