
Қалаға 72 млн 742 мың теңгеге сатып алынған қоқыс контейнерлері бірнеше жыл өтпей-ақ көшелерден ғайып болды.
Белгілі болғандай, олардың бір бөлігі өртеніп кеткен, кейбірі жарамсыз деп есептен шығарылған, ал қалған бөлігі Индер ауданына берілген.
2019 жылы Жылыой ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Құлсары қаласына арналған 81 «ЭкоБин» пластикалық контейнерін сатып алған еді. Олар қаладағы 49 орынға орнатылды. Жабық контейнерлердің басты мақсаты – тұрмыстық қатты қалдықтарды қауіпсіз жинау еді. Яғни, қоқыс сыртқа ұшпайды, жағымсыз иіс таралмайды.
2023 жылы Құлсары қаласындағы қоқыс контейнерлері бір күнде жоқ болып кетті. Жергілікті тұрғын Рысжан Байқұтов іздеу салып, «АЖ» редакциясына хабарласты.
Мұны сол жылдары Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Адинов былайша түсіндірді, тұрғындардың жауапсыздығынан оншақтысы өртеніп кетсе (пластмассадан жасалған), ал қалғанын сатылатынын айтқан болатын.
Әкімдік келісім шартпен «АзияКонсталтинг» ЖШС бағалап жатқанын, бір қоқыс жәшігін бағалауға 362 мың теңге (55 контейнер) жұмсалғанын мәлімдеді. Қорытындысында бағалаушылар бір қоқыс жәшігін 824 мың теңгеге бағалаған. Қоқыс жәшігі ағылшындық әдіспен сатылатын болды, оның шартында бастапқыда ең төменгі баға белгіленіп, сауда процесінде ол баға өсуі тиіс. Бұл баға қоқыс жәшігін сатып алу бағасынан кемшін болса да, текке кеткеннен гөрі 45 млн теңге бюджетке түсетін еді.
,Алайда іс аукционға жеткен жоқ.
Жуырда «ЭкоБин» қоқыс жәшігінің «тағдырын» білмек аудандық әкімдікке хабарластық. Әкімдіктің баспасөз хатшысы бұл жауапқа дайын болмай шықты, қалалық әкімдікке сұрау салып жауабын ала алмады. Кейін қала әкімінің өзі «АЖ»-ға хабарласты.
- Жалпы экобиндерді алудағы мақсатымыз қатты тұрмыстық қалдықтарды қауіпсіз түрде жинау, қоршаған ортаны таза ұстау, санитарлық жағдайды жақсарту және қалдықтардан шығатын жағымсыз иістердің таралуын болдырмау үшін керек болды. Экобиндер аудандық ТҮКШ арқылы алынып, 2021 жылы Құлсары қаласы әкімі аппаратының теңгеріміне берілген болатын. Қазіргі уақытта аталған «ЭкоБин» қоқыс жәшіктерінің барлығы техникалық жарамсыз күйге түсуіне байланысты баланстан есептен шығарылды. Осыған орай сатылымға қойылған жоқ, бірде-бірі сатылмады. Сатылмағандықтан бюджетке ешқандай қаржы түскен жоқ. 20 данасы Индер ауданы әкімінің қаулысына сәйкес берілді, - дейді әкім Қ. Адинов.
Осы арада контейнерлердің бір бөлігі көршілес ауданға қажет болып шықты.
- 2023 жылы 20 дана қоқыс жәшігін серіктестік қаржысына тасып әкелдік. Мұның бағасы қазір аспандап тұр. Бір жыл жақсы пайдаландық, кейін жәшіктерді уақытша қақпағын жауып бітедік. Шамамен біреуіне 1,5 тонна қоқыс кетеді. Ол төрт, бес күнде жиналуы тиіс. Қазір пайдалана алмай отырмауыздың себебі ол жәшіктердегі қоқысты төгу үшін манипулятор көлігі керек. Ол бізде жоқ, кезінде алғанымен оны «Индерсу» ЖШС-нің балансысына беріліп кетті. Енді әкімдік осындай техника алып береміз деген, онда «экобин» қоқыс жәшігін пайдаланатын боламыз. Бұл тиімді, қоқыс шашылмайды және бөтен иіс шықпайды, қақпағы бар. Ал оны болашақта көптеп алуға жұмыстанатын боламыз,-дейді «АгроСтройИндер» ЖШС-нің директоры Елдос Құлғалиев.
Құлсарыда техникалық тұрғыдан жарамсыз деп танылған контейнерлердің бір бөлігі көршілес ауданда әлі күнге дейін қолданыста екені таңқаларлық.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -10 




