
ҚР Энергетика министрлігі мен «Шелл Қазақстан» компаниясы Ақтөбе облысындағы «Жаңатұрмыс» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жөніндегі келісім жасады.
Тиісті құжатқа ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров пен «Shell » концернінің Қазақстандағы аға вице-президенті әрі төрайымы Сюзанн Куган қол қойды. Жобаның ауқымы мен техникалық күрделілігін ескере отырып, келісімшарттың мерзімі 2032 жылға дейін белгіленді.
ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаровтың айтуынша, бұл жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және көмірсутек қорын ұзақмерзімге ұлғайтуға бағытталған. Сондай-ақ бұл бастама тұрақты экономикалық өсімге де серпін береді. Ал «Шелл» концернінің Қазақстандағы аға вице-президенті әрі төрайымы Сюзанн Куган: «Бұл құжат «Шелл» компаниясының Қазақстанмен ұзақмерзімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін көрсетеді. Біз тәжірибеміз бен озық технологияларымызға сүйене отырып, геологиялық барлау ісіне және елдің ресурстық базасын кеңейтуге үлес қосамыз», – деді.
Аумағы 1 377 шаршы шақырымды құрайтын «Жаңатұрмыс» учаскесі елдегі перспективалы мұнай-газ бассейндерінің бірінде орналасқан. Жоба аясында 3D сейсмикалық зерттеулер жүргізіліп, терең барлау ұңғымасын бұрғылау мүмкіндігі қарастырылған.
Жоба жетілдірілген үлгілік келісімшарт талаптары негізінде іске асырылады. Келісім кезеңінде «Шелл» компаниясы учаске орналасқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 100 млн теңге бөледі.
Айта кетейік, қазіргі уақытта елімізде жер қойнауын пайдалану саласында көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша 321 келісімшарт қолданыста.
В Атырау -10