
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салман Әл Сауд телефон арқылы сөйлесіп, Таяу Шығыстағы қақтығыстың күшеюі жағдайындағы өзекті мәселелерді талқылады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы аймақтағы ахуалдың ушығуы тек өңірге ғана емес, жалпы әлемдік қауіпсіздікке қатер төндіретінін атап өтті. Сонымен қатар, екі жақ қақтығысқа қатысы жоқ елдерге шабуылдардың тоқтамауына алаңдаушылық білдірді. Қазіргі жағдайда, ислам әлемі бірлік танытып, түсіністікке жетуі аса маңызды екенін айтты.
Тоқаев Сауд Арабиясының үкіметіне қазақстандық азаматтарды елге қайтаруға көмектескені үшін алғысын білдірді. Ханзада, өз кезегінде, Тоқаевқа қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, қазақ халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады.
Сұхбат барысында екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру және халықаралық аренадағы бірлескен әрекеттерді үйлестіру мақсатында тұрақты саяси диалогты жалғастыруға келісілді.
Естеріңізге сала кетейік, 3-4 наурыз күндері Сауд Арабиясынан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша бірқатар рейс ұйымдастырылған болатын.
В Атырау -10