
Атырау облысы аумағында көші-қон заңнамасын бұзғандарды анықтау шарасының аралық қорытындысы жасалды.
Заңсыз көші-қон арналарын жолын кесу мақсатында ағымдағы жылдың 25 ақпаны мен 4 наурызы аралығында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шара барысында көші-қон заңнамасын бұзған 278 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. Сот шешімімен 14 шетелдік Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары шығарылды.
Полиция департаменті хабарлағандай, негізгі құқық бұзушылықтар мекенжай бойынша тіркелмеу және рұқсат құжатынсыз жұмыс істеуге байланысты.
"Шара кезінде тәртіп сақшылары шетел азаматтарының өңірге келуін және олардың заң талаптарын сақтауын бақылауға алуда. Ішкі істер органдарында уақытылы тіркелмеген немесе рұқсатсыз еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген шетел азаматтары анықталып, оларға қатысты тиісті шаралар қолданылуда", - деп атап өтті ведомстводағылар.
Полиция мамандары ескерткендей, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерге әкімшілік айыппұл салу немесе ел аумағынан шығару туралы шешім қабылдануы мүмкін. Ал заң талаптары жүйелі түрде бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасына қайта кіруге бірнеше жылға тыйым салынуы ықтимал.
Сонымен қатар, заңсыз жұмыс күшін пайдаланған жұмыс берушілерге де қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
В Атырау -10