
Ресейдің 16 жастағы азаматы Тимур Турков Қазақстанға қашып келіп, босқын мәртебесін сұрағаннан кейін сот ісі жалғасуда. Оның қашу себебі – Ресейдің саяси бағытымен келіспеушілік және 18 жасқа толған соң соғысқа жіберілу қаупінен қорқу, деп хабарлайды Орал апталығы.
Турков өткен жылдың қыркүйегінде «Сырым» шекара бекеті маңында Қазақстан аумағына жаяу өтіп, шекарашыларға өз еркімен берілген. Кейін ол Зачаганск кентіндегі әлеуметтік қызметтер орталығына орналастырылды. Желтоқсанда Орал соты оны шекараны заңсыз кесіп өткені үшін кінәлі деп тауып, айыппұл салды және елден бес жылға шығарып жіберу туралы шешім қабылдады.
Алайда жасөспірім қазақстандық құқық қорғаушылардың көмегімен бұл шешімге қарсы шықты. Орал прокуратурасы да апелляциялық алқада депортацияға қарсы пікір білдіріп, шығарылған жаза заңнамаға қайшы екенін атап өтті.
Сот отырысына келген әжесі Валентина Туркова немересінің Ресейге оралса, өміріне қауіп төнетінін айтты. Бірақ ол бір жағынан немересінің жанында болғысы келетінін, екінші жағынан қауіптен қорқатынын жеткізді. Ал Тимур судьяға әжесінің қамқорлығынан босатуды сұрап, «ол менің мүдделеріме қарсы әрекет етеді» деді.
Сот өтініштерді қарау үшін процессті кейінге қалдырды.
В Атырау -10