
Франция президенті Эммануэль Макрон сейсенбі күні кешкісін телеүндеу жасап, Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды INTERFAX.
Ол негізгі жауапкершілікті Иранға жүктеп, АҚШ пен Израильдің әскери операцияларын халықаралық құқыққа қайшы деп атады.
Макрон Иранның «қауіпті ядролық бағдарламасын», Ливан мен Йемендегі террористік топтарға қолдауын, Ирактағы жасақтарға ықпалын және халыққа қарсы күш қолдануын сынға алды. Сонымен бірге, Франция, Германия және Ұлыбритания бірлесіп соққыларды тоқтатуға шақырғанын атап өтті.
Франция президенті Израильді Ливанда жерүсті операциясын бастамауға ескертіп, «Хезболла» алғашқы соққы жасағанын «үлкен қателік» деп бағалады. Ол аймақтағы 400 мыңға жуық француз азаматын елге қайтару үшін эвакуация рейстері ұйымдастырылып жатқанын хабарлады.
Ішкі қауіпсіздік тұрғысынан Макрон үкіметке Sentinelle әскери операциясын күшейтуді және терроризм қаупі бар орындарда бақылауды арттыруды тапсырды. Оның айтуынша, Францияның екі әскери базасы шектеулі соққыға ұшыраған. Осыған байланысты аймақта қосымша қорғаныс күштері орналастырылып, радарлар мен Rafale ұшақтары жіберілген. Кипр жағалауына «Лангедок» фрегаты бағытталып, Жерорта теңізінде «Шарль де Голль» авианосы орналастырылмақ.
Макрон теңіз жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін халықаралық коалиция құруға бастамашы болатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ормуз бұғазы іс жүзінде жабық, ал Суэц каналы мен Қызыл теңізде де жағдай шиеленісіп тұр. Бұл жолдар әлемдік мұнай, газ және сауда үшін аса маңызды болғандықтан, Франция әскери және экономикалық ресурстарды біріктіруді көздейді.
В Атырау -10