Атырау, 4 наурыз 12:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 498.09
€ 577.34
₽ 6.41

Қазақстандық қажылар ​Сауд Арабиясынан Атырауға жеткізілді

104 рет қаралды

Аймақтағы әуе қатынасына төнген қауіп-қатерге байланысты отандастарымызды елге қайтару жұмыстары өзгертілген бағыт бойынша ұйымдастырылды.

4 наурызға қараған түні Атырау әуежайына қазақстандық қажыларды тасымалдаған үш ұшақ қонды. Алдын ала мәліметтер бойынша, әр рейсте шамамен 200 жолаушы болған.

Бұл азаматтар — Сауд Арабиясына қажылық сапармен барып, аймақтағы шиеленіскен жағдайға байланысты сол жақта уақытша бөгеліп қалған Қазақстан тұрғындары.

Арабия түбегінің әуе кеңістігіндегі жарылыстар мен ықтимал қауіптер туралы хабарламалардан кейін рейстердің бағыты өзгертілді. Ұшақтар Қазақстанға айналма жолмен — алдымен Мысыр, одан кейін Грекия мен Түркия әуе кеңістігі арқылы ұшып келді.

Жолаушылардың бірі адамдардың болып жатқан жағдайды қалай қабылдағанын айтып берді.

- Қақтығыс туралы хабарлар шыға бастағанда, ол жақта тағы қанша уақыт болатынымызды түсінбедік. Әрине, қобалжу болды. Ең бастысы — бәрі сәтті аяқталып, үйге аман-есен оралдық, - деді жолаушы Мақсот Өтеғалиев.

Тағы бір қажы ең алдымен қашан ұшатындары белгісіз болғаны алаңдатқанын атап өтті.

- Меккеде жағдай тыныш болды. Біз тек ұшақ рейстеріне бола алаңдадық — оларды мүлдем тоқтатып тастай ма деп қорықтық. Атырауға келіп қонғанда ғана көңіліміз орнына түсті, - дейді ол.

Жолаушылар келген бойда оларды әрі қарай баратын бағыттары бойынша бөлу жұмыстары жүргізілді. Таңертең қажылар үшін Қазақстанның өзге қалаларына қосымша рейстер ұйымдастырылды.

Айгүл МАНСУРОВА

Бүгін, 10:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.