
Өңірде денсаулық сақтау саласындағы кадр жетіспеушілігін шешу бағытында жүйелі шаралар қолға алынуда. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда дәрігерлер тапшылығы екі есеге төмендеді. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Құрбанов мәлімдеді.
2023 жылы облыста 1675 дәрігер еңбек етсе, 2025 жылы олардың саны 1775-ке жетті. Осылайша тапшылық 201 маманнан 90-ға дейін қысқарды. Өткен жылы өңірге 185 дәрігер келді: олардың 108-і қаладағы медициналық ұйымдарға, қалғаны аудандық мекемелерге орналасты. Орта буын медицина қызметкерлерінің саны да өсіп, 5261-ден 5634-ке жетті.
Мамандарды тарту және өңірде тұрақтандыру үшін әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілуде. Бір реттік көтерме ақы 170 дәрігерге төленді. 2023 жылдан бастап қалаға келген мамандарға 3 млн теңге, ал ауданға келгендерге 5 млн теңге көлемінде төлем қарастырылды.
– Кадр тапшылығын шешу үшін тек мамандарды тарту жеткіліксіз, оларды ұзақ мерзімге тұрақтандыру маңызды. Осы бағытта әлеуметтік қолдау мен кадр даярлау жұмыстары жалғасады, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен медициналық кадрларды даярлау күшейтілді. 2023 жылы 111 студентке грант берілсе, өткен жылы 115 студент (88 бакалавриат, 27 резидентура) білім грантына ие болды.
В Атырау -10