Атырау, 3 наурыз 12:03
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 502.60
€ 589.95
₽ 6.50

Ипотеканы зейнетақы есебінен өтеудің жаңа тәртібі: не өзгерді?

119 рет қаралды
Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

2026 жылғы 31 қаңтардан бастап ипотеканы өтеу үшін зейнетақы жинақтарын пайдаланудың жаңа ережелері күшіне енді. Fingramota.kz не өзгергенін, оның кімге қатысты екенін және бұл қарыз алушыларға қаншалықты пайдалы екенін анықтады.

Не өзгерген жоқ?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) қаражатты бұрынғыдай:

  • тұрғын үй сатып алуға, 
  • ипотеканы ішінара немесе толық өтеуге (оның ішінде Отбасы банкінде және басқа да банктерде), 
  • жалға берілетін тұрғын үйді сатып алуға, 
  • Отбасы банкіндегі депозитті толықтыруға жұмсауға болады.  

Негізгі өзгеріс 

Бұрын Отбасы банкіндегі ипотеканы зейнетақы жинақтарындағы артық ақшаның есебінен ішінара мерзімінен бұрын өтеу кезінде пайыздарды қоса алғанда, ай сайынғы төлемді толығымен жабуға болатын. Егер БЖТ сомасы төлем мөлшерінен асып кетсе, қалған қаражат негізгі қарызды өтеуге жұмсалды.

2026 жылдың 31 қаңтарынан Отбасы банкіндегі кредитті зейнетақы жинақтары есебінен өтеу тәртібі өзгерді. Зейнетақы қаражатын тек негізгі қарызды өтеуге  бағыттауға болады. 

Төлем мерзімін өткізіп алудан туындаған пайыздарды, айыппұлдарды, өсімпұлдарды немесе қарыздарды төлеу үшін зейнетақы төлемдерін пайдалануға бұдан бұлай рұқсат етілмейді, бұл сомаларды қарыз алушылар өзі төлеуге мәжбүр болады. Төлем мынадай ретпен жасалады: қарыз алушы алдымен өз ақшасынан пайыздар мен басқа да міндетті төлемдерді төлейді, содан кейін зейнетақы жинақтары тек негізгі қарызды өтеуге жіберіледі.

Бұл ретте басқа банктердегі ипотекалық қарыздарды өтеу кезінде процесс өзгеріссіз қалды.

Бұл іс жүзінде нені білдіреді?

Егер ай сайынғы төлем 74 825 теңгені құраса, оның ішінде 6 175 теңге - пайыздар, ал 65 699 теңге - негізгі қарыз болса, енді:

  • қарыз алушы пайыздарды өз бетінше төлейді;
  • БЖЗҚ-дан бағытталған сома тек негізгі қарызға ғана кетеді;
  • қалған қаражат несие сомасын қосымша азайтады.

Осылайша, жалпы қарыз тезірек қысқарады, бірақ пайыздық міндеттемелерді бөлек жабу қажет.

Кредит мерзімін қысқартуға бола ма? 

Иә, болады. Ол үшін банкке өтініш беріп, төлем қабілеттілігін растау қажет. Алайда мерзім қысқарған кезде ай сайынғы төлем артады. Банк жаңа сома бюджетіңізге шамадан тыс салмақ салмайтынын тексереді.

Ем және салық

Зейнетақы қаражатын емдеуге пайдалану мүмкіндігі уақытша тоқтатылды. Билік басындағылар оны алаяқтық схемалардың, қаражатты заңсыз алудың алдын алып үшін жасалды дейді. 

Ал зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге алған  кезде табыс салығын алып тастау қазақстандықтар үшін жақсы жаңалық болып отыр. Енді төлем сомасына 10% салық салынбайды, бұл қарыз алушының шотында көбірек қаражатты сақтайды.

Өтінішті қарау мерзімі

Егер қаражат ипотекалық қарызды ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеуге жұмсалса, рәсім екі кезеңнен тұрады:

  • Отбасы банк 2 жұмыс күні ішінде өтінішті тексеріп, оны БЖЗҚ-ға жібереді;
  • БЖЗҚ 5 жұмыс күні ішінде өтінішті қарап, қаражатты банкке аударады.
  • Осылайша, жалпы мерзім 7 жұмыс күніне дейін болуы мүмкін.
  • Егер мақсат зейнетақы жинақтарын жақын туыстарға беру болса, өтінімді қарау мерзімі 3 жұмыс күніне дейінгі мерзімді құрайды.
  • Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мақсатты пайдалануды растайтын құжаттарды бекіту – 20 жұмыс күні. Бұл ретте өтінімді қарауға бөлінген мерзім – 10 жұмыс күні.

Кешіктірулер мен қаржылық тәуекелдерді болдырмау үшін мәмілені жоспарлау немесе кредитті мерзімінен бұрын өтеу кезінде көрсетілген мерзімдерді алдын ала ескеру қажет дейді мамандар. 

Бүгін, 10:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.