
Көлік жүргізушілерін даярлау қағидаларына сәйкес, автомектептердің қызметін есепке алу және оқу топтарын тіркеу процесін автоматтандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Автомектеп» ақпараттық жүйесін әзірледі. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Жаңа жүйе арқылы автомектептердегі оқу үдерісі толықтай цифрландырылып, оқу топтарын тіркеу мен есеп жүргізу электронды форматта жүзеге асырылады. Сонымен қатар автомектепті аяқтағаны туралы куәлік те электронды форматқа ауыстырылды. Бұл шешім қысқа мерзімде заңсыз куәлік беру және құжаттарды қолдан жасау фактілерін болдырмауға бағытталған.
«Автомектеп» ақпараттық жүйесі ІІМ-нің есебінде тұрған мемлекеттік ақпараттық жүйе болып табылады. Оның интеграциялық сервисі Smart Bridge платформасында жарияланған және жалпыға қолжетімді. Қазіргі уақытта осы платформа арқылы «CarLife» кәсіби бірлестігіне тиесілі «Avtomektep.kz» мемлекеттік емес ақпараттық жүйесі қосылған.
Сонымен қатар интернет пен әлеуметтік желілерде жүргізушілерді жеделдетілген онлайн курс арқылы даярлау жөнінде ұсыныстар таралуда. Осыған байланысты ІІМ азаматтарға тек ресми автомектептерде толық оқу курсынан өтудің маңызын ескертеді. Әсіресе, көлікті басқару дағдыларын қалыптастыру үшін міндетті түрде практикалық сабақтардан өту қажет, ал мұндай дағдыны толықтай онлайн форматта меңгеру мүмкін емес.
В Атырау -10