
Қызылқоға ауданында заңсыз иемденген активтерді қайтарудан түскен тоғыз миллиард теңгеге жуық қаржыға нысандар құрылысы қолға алынған. Жамансорда мектеп-интернат салынып жатыр. Миялыдан Тайсойғанға дейін магистральдық су құбыры тартылуда.
Жергілікті тұрғындар үшін бұл абстрактылы «инфрақұрылым» емес, жылдар бойы күткен нақты нысандар.
Жамансорға арналған мектеп
Жамансор елді мекенінде мектеп жасындағы 200-ге жуық бала бар. Елді мекендегі бастауыш мектепте спортзал, акт залы атымен жоқ. Ал жоғары сынып оқушылары Атырау, Құлсары қалалары мен Мақат, Мұқырда білім алып жүр. Ата-аналар үшін балаларының жан-жақта шашырап жүруі оңай болмай тұр. Сол себептен бірнеше жылдан бері мектеп проблемасын көтеріп, жаңа ғимараттың салынуын талап етумен келеді.
Осы сұранысқа сай 2 млрд теңгеге 80 орындық мектеп, 30 орындық интернат құрылысы өткен жылы қолға алынған болатын. Мердігер "Жиенбай" ЖШС мектеп-интернаттың ғимаратын биыл бітіріп, тапсыруды көздеп отыр.
Егер құрылыс созылып кетпесе, жоғарғы сынып оқушылары ондаған, жүздеген шақырымға қатынамай, өз ауылында оқи алады.
Тайсойғанға су келеді
Ал аудандағы екінші нысан - Миялыдан Тайсойған ауылына тартылып жатқан магистралды су құбыры. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 73,5 шақырым магистралды су құбыры тартылып, 12 су ұңғымасын қазу жұмыстары жүрмекші. Бұл жобаның жалпы құны 6 млрд 877 млн теңгеге бағаланған.
Мердігер "Сапа құрылыс 2007" ЖШС күні бүгінде ұңғыма қазуды толық аяқтап, 66 шақырымға су құбырын жүргізіп үлгерсе, 104 су құдығын орнатқан. Енді мамандар полиэтилен құбырларын біріктіруді қолға алуда. Бұдан соң су айдау нысандары салынатын болады.
Бұл нысан келісім шарт бойынша 2006 жылы толық аяқталып, пайдалануға берілмекші.
Су бөлек проблемаға жиі айналатын дала ауылдары үшін бұл жоба қалыпты тұрмысты білдіреді.
Аудан үшін тоғыз миллиард теңгеге жуық қаржы — елеулі сома. Бұл ақша нәтижеге уақытылы жетеді ме, әлде тағы да кешігу мен мерзімдердің ауысуына ұшырай ма екен?
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау -10 



