
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов CNODC компаниясының (CNPC еншілес ұйымы) президенті Чэн Хуайлунмен кездесті.
Кездесуде бірлескен стратегиялық жобаларды іске асыру барысы қаралды. Атап айтқанда, тараптар Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру мәселесін талқылады. Бұған дейін хабарланғандай, бұл инвестициялық жобаның қазақстандық нарықта мұнай өнімдеріне өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуде маңызы зор.
Бүгінде техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу жұмыстары басталды. ҚМГ басшысы жобаны іске асырудың белгіленген мерзімдерін қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ кездесуде Ақтөбе облысында газ-химия кешенін салу жобасы сөз болды. Кешен жылына 880 мың тоннаға дейін карбамид және 80 мың тоннаға дейін метанол өндіретін болады. Карбамид жобасы агроөнеркәсіп кешенінің дамуына серпін беріп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайта түседі. Инвестицияның жалпы көлемі $1,25 млрд деңгейінде бағаланып отыр.
Тараптар бірлескен кәсіпорын құру бойынша қажетті рәсімдерді аяқтау кезеңінде. Осыдан кейін жобалық-сметалық құжаттаманы (FEED) әзірлеуге кіріседі. Бұған дейін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалған болатын.
В Атырау -10