
Щучинск қаласындағы кафеде болған жарылыстан көз жұмғандар саны жетіге жетті. Бұл туралы Ақмола облысы әкімдігі хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
Әкімдік мәліметінше, оқиға салдарынан барлығы 26 адам зардап шеккен. Оның жетеуі қайтыс болған, марқұмдардың бірі — 16 жастағы қыз. Зардап шеккендердің 13-і Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілген, тағы алты адам амбулаториялық бақылауға алынған.
Денсаулық сақтау басқармасы қосымша медициналық бригадаларды шұғыл түрде жасақтап, барлық қажетті ресурстарды жұмылдырған. Оқиға орнына мамандар, дәрі-дәрмек қоры және санитариялық авиация жіберілген. Қазіргі уақытта өңірлік жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Жарылыстың себептері анықталуда.
Оқиға қалай болды?
26 ақпан күні кешке бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан бір қабатты кафеде газ-ауа қоспасының жарылысы тіркеліп, артынша өрт шыққан. Алғашқы мәліметтер бойынша алты адамның қаза тапқаны, 20-ға жуық адамның жараланғаны хабарланған еді.
Оқиға орнына жеткен төтенше жағдайлар қызметі жанып жатқан ғимараттан сегіз газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды құтқарды. Өрт толық сөндірілді. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы мен себептері нақтыланып жатыр.
Ақмола облысы ТЖД 8 (7162) 514-298 нөмірі бойынша жедел желі ашты.
В Атырау -10