Атырау, 27 ақпан 00:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 501.75
€ 591.96
₽ 6.52

Атырауда «Жайық-Binom» оқушысы жоғалып, табылғаннан кейін шенеуніктер үнсіз қалды

118 рет қаралды

Полиция оқушы қызды іздестіру жұмыстары аяқталғанын хабарлады, алайда облыстық білім басқармасы мен әкімдік баспасөз қызметі жарияланым шыққанша ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Еске сала кетсек, 24 ақпанда Атырау тұрғыны Ғалия Тұяққалиева полицияға «Жайық-Binom» мектебінің оқушысы, 15 жастағы қызының жоғалғаны туралы арыз түсірген. Кейіннен кәмелетке толмаған қыздың қайда екені анықталып, ол ата-анасына тапсырылды.

Тұяққалиеваның айтуынша, қызы жоғалардан біраз бұрын мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымен дау туған. Анасы сыныпта оның қызына қатысты түсініктеме жинай бастағанын айтады. Әйелге сол жазбаларды көрсетіп, баланың құжаттарын мектептен алып кетуді ұсынған. Желіде жарияланған 10-сынып ата-аналарының ұжымдық үндеуінде оқушыларды түсініктеме жазуға мәжбүрлегені және сыныптың таратылуы мүмкін екендігі туралы ескерткендері айтылған.

Таңертең облыстық білім басқармасы редакцияға анасы айтқан деректер бойынша қызметтік тексеріс басталғанын хабарлап, түстен кейін толыққанды түсініктеме беруге уәде еткен еді.

Алайда түстен кейін басқарманың баспасөз қызметі мен басшылығы телефон қоңырауларына жауап бермей қойды, ресми комментарий ұсынылмады.

Ал қалалық ішкі саясат бөлімінде тұрғынның шағымын қабылдағандарын растады.

«Иә, бізге қала тұрғынынан шағым түсті, оны білім басқармасына жолдадық. Егер нақты деректер көрсетілсе, тексеріс жүргізілуі тиіс. Бірақ мұндай тексерістерді өздігімізбен жүргізуге өкілетіміз жоқ», – деді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрбол Өтеғалиев.

Жарияланым шыққаннан кейін «Ақ Жайық» бас редакторына мектеп әкімшілігінің өкілдері телефон қоңырауларын шала бастады. Алайда нақты фактілер бойынша ресми ұстаным білдірудің орнына, сотқа талап-арыз береміз деп, материалды алып тастауды сұраған. Редакция мұндай әрекеттерді БАҚ-қа қысым ретінде бағалайды.

Редакция тиісті ведомстволардан ресми түсініктеме күтіп отыр.

Айгүл МАНСУРОВА

Кеше, 22:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.