Атырау, 26 ақпан 18:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 501.26
€ 590.38
₽ 6.54

Атырауда Бейбітшілік пен келісім сарайын сатып алу тәсілі неге құпияланды?

97 рет қаралды
Видеодан скриншот
Видеодан скриншот

Мердігермен келісімшарттың қандай тәсілмен жасалғаны құпия болып қалды. «Ақ Жайық» редакциясының ресми сауалына облыс әкімдігі «қызметтік пайдалану үшін» («ҚПҮ») деген белгісі бар ақпаратқа сілтеме жасады.

Сұрақ облыс әкімі Серік Шәпкеновтің атына жолданған еді. Жауапты құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы дайындап, жобаның деректері «ҚПҮ» белгісімен рәсімделгенін, яғни қолжетімділігі шектеулі екенін хабарлады.

«Сұралған ақпаратқа қолжетімділікті шектеу режиміне байланысты бізде оны ұсынуға құқықтық негіз жоқ», – делінген жауапта.

Алайда сатып алу тәсілін «ҚПҮ» санатына жатқызудың себептері мен құқықтық негіздері түсіндірілмеген. 

Біз бас тартудың негізділігін бағалау үшін қолданыстағы заңнамаға жүгіндік.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 45-бабының 4-тармағына сәйкес, ақпараттық рәсімдер мемлекеттік құпияларды, таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты және заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты құрайтын мәліметтердің жария болуына жол бермеуге тиіс және барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметіне және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларына байланысты ақпаратқа қол жеткізуді шектеуді қамтамасыз етуге тиіс.

ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 24 маусымдағы №429 қаулысымен бекітілген «Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларының» 3-тармағына сәйкес, мұндай ақпаратқа құжаттарда, істерде, басылымдарда, электрондық және басқа да тасымалдағыштарда «Қызметтік пайдалану үшін» (ҚПҮ) және/немесе «Құпия» деген белгі қойылған деректер жатады. Егер олардың таралуына шектеу қызметтік қажеттілікпен негізделсе, онда ол ақпарат шектеулі таралымдағы қызметтік ақпарат санатына енгізіледі.

Бұған дейін сарайдың құрылысына бөлінген қаражат – 19 млрд теңге екені жарияланған. Мердігер – «Alem Qurylys AQ» ЖШС. Жоба 2026 жылдың бірінші жартысында аяқталуы тиіс. Кешеннің аумағы 5 823 шаршы метрді құрайды, ішінде концерт және кино залы, студиялар, кітапхана, жексенбілік мектеп, асхана және архив қоймалары болады. Архивтерде әрқайсысы миллионға дейін құжат сақтау жоспарланған.

Құрылыс құны мен мердігер туралы ақпарат ашық жарияланғанымен, келісімшарттың қалай жасалғаны, игерілген қаражат көлемі және қаржыландыру көзі – облыстық, республикалық немесе басқа бюджет екені айтылмаған. 

Бұл – жұртшылық үшін маңызды сұрақ, себебі әңгіме бюджет қаржысына салынып жатқан нысан туралы болып отыр. Мемлекеттік сатып алу тәсілінің қалайша қауіпсіздікке немесе жедел қызметке қатысты деректерге қойылатын шектеулерге жатқызылуы мүмкін екені басқарманың жауабында түсіндірілмеген.

2020 жылы «Құқықтық медиа-орталық» қоры қызметтік ақпаратқа қатысты нормаларды қолдану тәжірибесін талдай отырып, деректерді «ҚПҮ» санатына жатқызу құқығы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге жауапты лауазымды тұлғаларға берілгенін атап өткен. Қордың пікірінше, мұндай өкілеттіктер қоғамның мемлекеттік органдар қызметі туралы ақпарат алу құқығына зиян келтіруі мүмкін.

...19 миллиард теңгеге жасалған келісімшарттың қалай рәсімделгені және оның қай бюджеттен төленетіні, ғимарат туралы барлық дерек ашық болғанына қарамастан, неге соншалықты үлкен құпияға айналды екен?

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 17:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.