Атырау, 27 ақпан 13:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 501.75
€ 591.96
₽ 6.52

21 жыл кезекте: Индер ауданында 7 297 тұрғын жер телімін әлі күтіп жүр

116 рет қаралды

Атырау облысы, Индербор кентінде тұрғындар жиырма жылдан астам уақыт бойы үй салуға арналған жер телімдерін ала алмай келеді. Кентті кеңейту жобалары қайта қаралып, жаңа аумақтар талқыланып жатқанымен, кезек жылдан-жылға көбейіп келеді.

Индер ауданы бойынша жер телімін сұрап, кезекке тұрғандар саны 7297 адам. Соның ішінде басым бөлігін Индербор кенті құрап, жер сұрағандар 5369 адамға жетіпті. 

Алды 2005 жылы берген, яғни 21 жылдан бері кент тұрғындарының арызы қанағаттандырылмастан жатыр. Шаң басқан арыздардың қашан жүзеге асатыны белгісіз. Өйткені кенттің болашақта даму жолы белгісіз күйде қалып тұр.

1208 ГЕКТАРЛЫҚ ЖОБА СУ АСТЫНДА ҚАЛДЫ

Индербор кентін бойынша Жайықтың оң жақ жағалауы бойынша кеңейту жоспарланған болатын. Алайда 1208 гектарға 17102 тұрғын үй, түрлі нысандар салынады деген  егжей-текжейлі жобасы 2024 жылы су тасқыны келген кезден іске аспай қалды. 

Яғни, 2024 жылы ол аймақтың біраз бөлігі су астында қалып, болашағы бұлыңғыр күйде болды. 26 км дамба соғылады дегенмен оған млрдтаған қаржы керек болып, ол көп шығынға әкеледі деген байлам жасалды. 

Айналғанда егжей-текжейлі жобаға жұмсалған 35 млн теңге сұраусыз текке кеткен қаржының есебін құрады. Кезінде осы жобаны мақұлдаған мамандар жауапсыз қалды, құқық қорғау органдары нақты баға берген жоқ.

ЕКІ ЖЫЛДЫҚ ТАЛҚЫЛАУЛАР ШЕШІМСІЗ ҚАЛДЫ

2024 жылы аудандық әкімдікте енді кент тұрғындары үшін баспана салуға жер телімі қайдан беріледі деген сұрақпен жиындар өткізілді. Оған түрлі мамандар, кент тұрғындары, депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері қатысып бас қатырып, талқылаған болатын. Сол кездегі аудан әкімі болған Дарын Шамұратов (қазіргі облыстық әкімнің орынбасары) жиынды қорытындылай келе, енді жер телімі Бөдене ауылы жаққа көшіріледі деген тұжырымдама жасады. 

Бұған да бақандай екі жыл өтті, ол жоба не болды? 

Индер ауданы әкімінің орынбасары Артур Мурзин «Ақ Жайыққа» нақты шешім қабылданбағанын, әлі де болса талқыланатынын айтты. 

АҚҚАЛАДАҒЫ 903 ЖЕР ТЕЛІМІ КІМГЕ БЕРІЛЕДІ?

Индербор кентінің даму бағыты бойынша Аққала ауылынан 202 гектар жер бөлініп, 903 жер телімі үшін бірнеше жылдан инженерлік инфрақұрылым жүргізілуде.

2021 жылы су желісі, құдықтарын салу жобасына 1 млрд 206 млн теңге қаралды. Су жүйесі жүргізіліп, 2023 жылдың 27 қарашасында аяқталып, қабылданып алынған.

Газ желісіне 273 млн теңге қаралып, нысан 2023 жылы тапсырылған. 

Ал электр желісін тарту жұмысына 556 млн теңге бөлініп, жұмыс толық аяқталған, енді теңгерімге беру жүруде. 

Жалпы инфрақұрылымға 2 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.

А. Мурзин жер телімі 2026 жылдан бастап берілетінін айтады. Енді  ол жер кімге беріледі, өйткені жер Елтай округі Аққала ауылына қарайды. Бұл сұраққа толық жауап ала алмадық. Кезінде ол жер телімі кент тұрғындарына беріледі дегенмен жоба бұзылған еді.      

Осы уақыт ішінде аудан билігі кентті кеңейту стратегиясын жасап, кейін оны іске аспайтын деп таныды. Жаңа нұсқаны талқылауды бастап, басқа аумақтағы инфрақұрылымға миллиардтаған теңге қаржы құйды. Өзгермеген бір ғана нәрсе бар — адамдар әлі күнге дейін нақты шешімді күтуде.

21 жыл ішінде кезек жай ғана тізім емес, билік жоспарларының шешім қабылдаудан жылдам өзгеретінін көрсететін айқын мысалға айналды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Кеше, 12:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.