
Соған қарамастан, инфекциялық ауруханада қазіргі уақытта 107 пациент ем қабылдап жатыр, ал 779 адам вакцинадан бас тартқан.
Атырау облысында биыл бюджеттен қызылша, қызамық, паротитке қарсы 106 млн 84 мың 300 теңге бөлінген. Бұл туралы Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасары Мұрат Құрбанов жауап берді. Бұған дейін «АЖ» тілшісі қызылша ауруы өңірде неге көбейіп отыр деген сауалмен осы басқармаға да ресми сауалхат жолдаған.
Құрбановтың сөзінше, қызылша ауруының шығуына ұжымдық иммунитеттің жеткіліксіздігінен, адамдардың көп шоғырланған жерлерге баруы мен маска және гигиена режимінің сақталмауы себеп.
Оның мәліметінше, 779 адам профилактикалық екпеден бас тартқан.
- Вакцинадан бас тарту себептері - жеке және діни көзғарас, әлеуметтік желілерде таралған теріс ақпараттар, сондай ақ вакцинаға деген сенімсіздік. Екпеден кейінгі қолайсыз жағдай тіркелген жоқ, - дейді Құрбанов.
- Профилактикалық екпеден бас тартқандарға жауапкершілік қарастырылмаған. Алайда мектепке дейінгі ұйымдардың топтарында ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін балаларды жоспарлы профилактикалық екпелермен қамтудың шекті деңгейі кемінде 90% деңгейінде сақталады. Жоспарлы профилактикалық екпелер алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу олардың топтардағы үлесі 10%-дан аспайтын болған кезде ғана жүзеге асырылады, - дейді басшы орынбасары.
12-15 айында және 6 жас (1 сынып) егіледі. Атырау облысы бойынша 2025 жылы 12-15 айында егілген бала саны – 14021, 6 жас (1 сынып) – 14943.
Атырау облыстық инфекциялық ауруханасында қызылша ауруымен 107 адам ем қабылдап жатыр. Оның ішінде 1 – 17 жас аралығында емделіп жатқан балалар саны – 97.
Қазіргі уақытта 6 ай – 10 ай 29 күнге дейінгі, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларға қосымша жаппай иммундау жүргізіледі.
Сондай-ақ, денсаулық сақату басқармасының ақпараты бойынша, биыл қаңтар айында 290 науқас емделіп, толық сауықтырылды. Емделіп шыққан науқастардың жас ерекшелігі бойынша, 1 жасқа дейінгі балалар саны – 53, 1 - 14 жас аралығы – 219, 15- 17 жас аралығы бойынша – 1, 18 жастан жоғары – 17 науқас. Қызылша диагнозымен өлім жағдайы тіркелмеген.
Қызылшаның белгілері, температура 38-40°С, құрғақ жөтел, мұрын біту, қызару, көздің конъюнктивиты және теріде бөртпе болып табылады. Науқас Атырау облыстық инфекциялық ауруханасында және амбулаториялық жағдайда емделеді. Науқаспен байланыста болған адамдарды аурудың соңғы жағдайы анықталған сәттен бастап 21 тәулік бойы оқшауланады.
Қызылшаға қарсы дәрі – дәрмек жеткілікті.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -10