
Атырау қаласында интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында жаңа «Anti-Fraud Call Center» орталығы ашылды.
Бұл жоба облыс прокуроры Мадияр Басшыбаевтың бастамасымен және Полиция департаментінің киберқылмыстарға жедел әрекет ету бағыты аясында жүзеге асырылды. Орталық «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп жұмыс істейді.
Жыл басынан бері облыста интернет арқылы жасалатын құқықбұзушылықтар саны 19%-ға артқан. Жаңа орталық азаматтарды алаяқтардың айла-шарғысынан қорғап, осындай қылмыстардың алдын алуға бағытталған. Қазірдің өзінде орталыққа 100-ге жуық қоңырау түсіп, киберқылмыстардың жолын кесу бойынша тиісті шаралар қабылданған.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің айтуынша, call-орталық тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді. Егер мониторинг барысында күдікті қоңырау анықталса, қызметкерлер дереу жәбірленушімен байланысып, ескерту жасайды және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Кейін полицейлер алаяқтық әрекеттің жолын кесу және күдіктіні ұстау үшін жедел іс-шараларды қолға алады.
Мамандар тұрғындарды белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға, күмәнді сілтемелерге сенбеуге, жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды. Күдік туындаған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе 109 қызметтік нөміріне хабарласу қажеттігі ескертілді.
В Атырау -10