Атырау, 25 ақпан 16:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 496.85
€ 585.54
₽ 6.49

Атырау маңындағы West Dala полигоны жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтпеді деп танылды

84 рет қаралды

Атырау маңындағы қалдықтарды өңдеу және орналастыру кешенін салу жобасы қоғамдық талқылаудан өте алмады.

West Dala компаниясының бастамасымен ұйымдастырылған қоғамдық тыңдаулар рәсімдік талаптардың бұзылуына байланысты өтпеді деп танылды.

Ұсынылған материалдарға сәйкес, нысан Атыраудан 38 шақырым жерде, Мақат ауданындағы Қарабатан станциясы маңында орналастырылмақ. Полигон мұнай-газ саласы кәсіпорындарына, сондай-ақ басқа ұйымдар мен халыққа өнеркәсіптік қалдықтар мен ағынды суларды басқару бойынша кешенді қызмет көрсетуі тиіс. Нысанды пайдалану мерзімі 2030 жылға дейін деп көрсетілген.

Жобаға сәйкес, құрылыс жұмыстарын 89 күн ішінде аяқтау жоспарланған. Құрылыс кезеңінде шамамен 60 жұмыс орны ашылмақ.

Экологтар жобалық құжаттамаға қатысты бірқатар сұрақтар қойды. Талқылауға қатысушылардың айтуынша, материалдарда құрылыс кезеңіндегі экологиялық көрсеткіштер жеткілікті деңгейде көрсетілмеген, шығарындылар мен қалдықтарға қатысты нақты деректер жоқ, ал қабылданатын қалдық көлеміне байланысты кейбір есептер күмән тудырады.

«Глобус» эколого-құқықтық бастамалар орталығының директоры Галина Чернова жобаны әзірлеушілерге шамамен 30 сұрақ дайындағанын мәлімдеді. Негізгі мәселелердің бірі — ағынды суларды басқару және олардың әрі қарайғы кәдеге жарату тәсілдері. Қатысушылардың айтуынша, компания өкілдері қойылған сұрақтардың бір бөлігіне толыққанды жауап бере алмады.

Экологиялық әсерді азайтуға қатысты ұсынылған шараларға да сын айтылды. Жобада аумақты көгалдандыру қарастырылғанымен, экологтар бұл жердің топырағы тұзданғанын, мұнда табиғи өсімдіктің өзі әрең өсетінін атап өтті.

Тыңдауларды ұйымдастыру барысында да қиындықтар туындады. Қатысушылардың айтуынша, Teams платформасы арқылы онлайн-трансляцияға қосылу сілтемесі дұрыс таратылмаған, ал хабарландыруда көрсетілген телефон нөмірі арқылы жедел түсініктеме алу мүмкін болмаған. Соның салдарынан талқылауға қатысуға ниет білдіргендердің бір бөлігі талқылауға қосыла алмады.

Кездесу барысында қатысушылар мен компания өкілдері бір-бірінің сөзін бөліп, сөзге келіп қалды. Қатысушылардың пікірінше, таңдалған формат жобаны бастамашылар мен қоғам арасында толыққанды диалог жүргізуге мүмкіндік бермеді.

Нәтижесінде тыңдаулар өтпеген деп танылды. Жобаны талқылау барлық рәсімдік талаптарға сай қайта ұйымдастырылады жеп күтілуде.

Сұлтан АХМЕТ

Суреттерді түсірген автор

Бүгін, 15:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.