Атырау, 25 ақпан 15:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 496.85
€ 585.54
₽ 6.49

Соқтығысқа дейінгі секундтар:​ Атырауда балаға қатысты жол апатының алдын алуға болар ма еді?

Бейнежазба
119 рет қаралды
Видеодан скриншот
Видеодан скриншот

Атыраудағы «Авангард» сауда орталығының кіреберісінде алты жасар баланы көлік қаққан оқиға тергеу мен жүргізуші тараптың қорғаушылары арасында дау туғызды — екі жақ соқтығысқа дейінгі бірнеше секундты әртүрлі бағалап отыр.

11 қаңтар күні кешкі сағат сегіздер шамасында «Авангард» шағынауданындағы сауда орталығының кіреберісінде 24 жастағы жүргізуші басқарған Lada Vesta көлігі алты жасар баланы қағып кеткен. Бала ауыр жарақатпен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Сот-медициналық сараптамаға сәйкес, балада оң аяқтың екі сүйегінің жарықшақтанған сынығы анықталған. Сол күні оған металл бекіткіш орнатылған ота жасалды.

«Ақ Жайыққа» белгілі болғандай, бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 1-бөлігіне сәйкес («Жол қозғалысы ережелерін бұзу, абайсызда орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтіру») қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Сараптама: соқтығысты болдырмауға болатын еді

Автотехникалық сараптама жүргізушінің дер кезінде тежеген жағдайда баланы қағып кетудің алдын алуға техникалық мүмкіндігі болғанын көрсетті. Есептеулер көліктің жылдамдығы шамамен 30–35 км/сағ болғанын негізге алған.

Сонымен қатар сарапшылар жол бойындағы дүңгіршектің көру аймағын ішінара шектегенін және оқиғаның қараңғы уақытта, адамдар көп жүретін кіреберіс маңында болғанын атап өтті.

Бұл істегі басты сұрақ – жүргізуші баланы қай сәтте байқаған?

Қорғаушы тарап сараптамаға күмән келтіріп, қайта сараптама тағайындауды сұрады. Адвокаттың айтуынша, жүргізушіге сараптама туралы қаулы уақытылы берілмеген және оның құқықтары толық түсіндірілмеген. Сондай-ақ, сарапшыға берілген материалдардың нақты тізімі көрсетілмеген, бұл қорытындының объективтілігіне әсер етуі мүмкін.

Осы уақытта жәбірленуші баланың анасы, көпбалалы Атырау тұрғыны Альбина Рысмағамбетова тергеудің созылып кеткеніне алаңдаулы екенін айтты. Оның сөзінше, кейбір тергеу әрекеттері жүргізуші адвокат іздеген уақытқа дейін кейінге қалдырылған. Әйел жүргізуші оқиғадан кейін отбасыға хабарласпағанын және кешірім сұрамағанын да атап өтті.

Альбинаның айтуынша, ұлына ота жасалғаннан кейін ол үйінде оңалту кезеңін өткізіп жатыр, әзірге өздігінен жүруі қиынға соғуда.

Редакцияның қолында оқиғаның бейнежазбасы да бар.

Көлік қозғалысы жағынан қарағанда көріністі жол бойындағы дүңгіршек пен жанында тұрған жаяу жүргіншілер ішінара жауып қалған. Енді басты мәселе – жүргізуші баланы қай сәтте көре алғаны және тежегішті дер кезінде басу мүмкіндігі болған-болмағаны.

Дәл осы қайталама сараптама соқтығысқа дейінгі сол бірнеше секундтың қалай бағаланатынын анықтап бермек.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Видеоны А. Рысмағамбетова ұсынды

Бүгін, 14:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.