
Атырау облысында биыл қандастарды қабылдауға арналған өңірлік квота 125 адамға бөлінді.
Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оның атуынша, көшіп келген қандастарға бір реттік көшу субсидиясы — отбасының әр мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде төленеді.
Тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызмет шығындары ай сайын өтеледі. Бұл қолдау 12 айға дейін беріледі және төлем көлемі қоныстанған елді мекен мен отбасы мүшелерінің санына қарай анықталады.
Қандастарға тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық мобильділік сертификаты ұсынылады. Ол үй құнының 50 пайызына дейінгі мөлшерді қамтиды, бірақ 1 625 АЕК-тен аспайды. Сертификат бастапқы жарна ретінде пайдаланылады.
Жыл басынан бері облысқа 21 отбасы, 34 этникалық қазақ көшіп келіп, қандас мәртебесін алған. Олар Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан және Қытайдан қоныс аударып, барлығы Атырау қаласына орналасты.
Ақпан айынан бастап республика бойынша «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» және «Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» қызметтері пилоттық форматта іске қосылды. Үміткерлер цифрлық бағалаудың бірнеше кезеңінен өтеді. Сәтті өткен азаматтарға қандас мәртебесі 5 жыл мерзімге беріледі.
Осылайша, өңірде 2026–2028 жылдарға арналған қандастарды қабылдау және қоныстандыру бағдарламасы бекітіліп, жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
В Атырау -10