Атырау, 24 ақпан 12:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 497.33
€ 586.70
₽ 6.48

Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр етінің экспортына тыйым салу жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды

63 рет қаралды
Сурет: gov.kz
Сурет: gov.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігі кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тараған сиыр етін экспорттауға арналған сыртқы нарықтар жабылды деген мәліметтің шындыққа жанаспайтынын хабарлайды.

Ведомствода атап өткендей, ең алдымен, сыртқы сауда саласында шектеу шараларын енгізу туралы шешімдер жеке дара қабылданбайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұндай шешімдер бірнеше мемлекеттік органнан тұратын Ведомствоаралық комиссияның құзыретіне жатады. Оның құрамына Сауда және интеграция министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кіреді. 

Сонымен қатар, биылғы 29 тамыздағы Ведомствоаралық комиссия шешімімен сиыр етін экспорттауға тыйым салу емес, керісінше 2025 жылдың соңына дейін 13 мың тонна көлемінде квота белгілеу тетігі енгізілгенін еске саламыз. 

Бұдан кейін 2025 жылғы 18 желтоқсандағы комиссия шешімімен квоталау 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына 20 мың тонна көлемінде ұзартылды.

Осыған байланысты экспортқа «тыйым салынды» деген тұжырымдар шындыққа сәйкес келмейді және нақты жағдайды толық көрсетпейтіні анық.

Министрліктің мәліметі бойынша, қазір бірқатар кәсіпорындардың экспорттық нарықтарға қол жеткізу мүмкіндігі бар. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі квоталарды бөлу тетігін қайта қарау арқылы экспорттаушылар қатарын кеңейту қажеттігі жөнінде ұсыныстар енгізді.

Бұдан бөлек, мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарында көзделген қаржыландыру құралдары іске асырылған сайын қолданыстағы шектеулерді кезең-кезеңімен алып тастау жоспарланып отыр. Бұл өндірістік қуатты арттыруға, саланың экспорттық әлеуетін кеңейтуге және ішкі нарық пен сыртқы жеткізілімдер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, мал шаруашылығының тұрақты дамуына және нарыққа қатысушылардың барлығына ашық әрі әділ жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастыратынын атап өтті.

Бүгін, 11:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.