Атырау, 23 ақпан 19:20
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 494.66
€ 581.87
₽ 6.43

​Үкіметте жаңа Салық кодексінің даулы нормалары талқыланды

95 рет қаралды
Сурет: primeminister.kz
Сурет: primeminister.kz

Вице-премьер - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Жобалық кеңсе отырысында жаңа Салық кодексінің ережелерін енгізу мәселелері қаралды.

Бау-бақша қоғамы: ҚҚС бойынша есепке тұру керек пе?

Отырыста бау-бақша кәсіподақтарының өтініштері қаралды. Бау-бақша қоғамдары тұтыну кооперативі түрінде коммерциялық емес ұйым ретінде тіркеледі. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегінің 40 млн теңгеге дейін төмендеуіне байланысты, ҚҚС төлеуші болу міндетті ме деген сұрақ туындап отыр.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов түсіндіргендей, тұтыну кооперативі дегеніміз - жалпы шығынды жабу үшін мүшелік жарна есебінен ортақ қор құратын азаматтардың бірлестігі. Мұндай жарна тауар немесе қызмет үшін төлем болып саналмайды, яғни ҚҚС бойынша салық салынатын айналым деп танылмайды. Тиісінше, мүшелік жарнаны алған кезде ҚҚС пайда болмайды да, мұндай жарна бойынша шот-фактура жазылмайды. Осы себепті, ҚҚС бойынша есепке тұру қажеттілігі жоқ.

ҚҚС бойынша міндет кооператив қосымша кәсіпкерлік қызмет жүргізіп, тауарды немесе қызметті сатудан кіріс алған жағдайда ғана туындауы мүмкін.

Егер қызмет жарна жинаумен және оны кооператив мүшелерінің қажеттілігіне жұмсаумен шектелсе, салық салынатын табыс пайда болмайды.

ЖЖМ импорты кезінде ҚҚС-тан босату

Жиында халықаралық тасымалдау кезінде әуе кемелері пайдаланатын жанар-жағармай материалы импортын ҚҚС-тан босатуды көздейтін Салық кодексінің 479-бабының нормалары талқыланды. Ол дипломатиялық немесе консулдық мекемелер тарапынан отынды мақсатты пайдалану туралы қосымша растауды көздейді. Отырысқа қатысушылар мұндай талаптарды артық деп таныды. Артық бюрократияны болдырмау үшін бұл шарт қолданылмайды.

Резидент еместердің қызметі бойынша шот-фактура

2026 жылдан бастап резидент еместерден жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде шот-фактура жазып беру талабы енгізіледі. Бұл ретте ҚҚС төлеуші мен төлемейтіндер үшін тәртіп әр түрлі. Мемлекеттік кірістер комитеті жақын арада осы нормалардың іс жүзінде қолданылуы жөнінде ресми түсініктеме береді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен жұмыс  

Ұзақ қарастыруды және жан-жақты талдауды талап ететін жүйелік мәселе ретінде, ЖШС-ның мүмкіндігі бойынша жалпыға бірдей белгіленген режимде КТС бойынша шығысты, егер тұлға бір мезгілде осы серіктестіктің құрылтайшысы болып табылса, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолданатын жеке тұлғамен шартқа сәйкес, шегерімге жатқызу мәселесі қаралды.

Қазіргі уақытта Салық кодексінде мұндай шығысты шегерімге жатқызуға тыйым жоқ. Жеке тұлғаның (оның ішінде құрылтайшының) қосымша мәртебесі шегерімнен бас тартуға негіз болмайды.

Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін режим бастапқыда өзге кәсіпкерлік қызметті жүргізбейтін адамдарға арналғаны атап өтілді. Еңбек қатынастарын азаматтық-құқықтық шартпен алмастыруға жол берілмейді. Бұл мәселе Жобалық кеңсенің келесі отырысында да қаралады.

Ауыл шаруашылығы тауарын бақылау

Сондай-ақ арнайы салық режимін қолданатын шаруа қожалықтарының өнім өндірісін растау мәселесі талқыланды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімін сату кезінде сұр импортты болдырмау үшін қажет. Егер мал шаруашылығында малдың шығу тегі ақпараттық жүйе арқылы расталса, егін шаруашылығында қадағалау жүйесі жұмыс істейді. Растау механизмі нақтылауды қажет етеді. Мәселе бейінді мемлекеттік органмен бірлесіп пысықталып, Жобалық кеңсесінің кезекті отырысына шығарылады. 

Бүгін, 17:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.